Қызылорда облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Нұрлыбек Нәлібаевтың әкімдігі кезеңінде қарқын алып, жастарды еңбек нарығына бейімдеу, заманауи мамандықтарға даярлау мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Соның нақты көрінісі ретінде Қызылорда қаласында ашылған «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығын атауға болады. Бұл орталық студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, жас мамандардың өндірістік машықтарын жетілдіруге мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналды.

Бүгінде бұл бастамалар сабақтастығын тауып, облыс әкімі Murat Nalkozhaның тұсында да кәсіптік білім беру саласын халықаралық деңгейге шығару жұмыстары жалғасуда.

Оның жарқын мысалы – 2026 жылғы 17 маусымда Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында қол қойылған төртжақты ынтымақтастық туралы меморандум. Құжатқа Чунцин электрондық ғылым және технологиялар кәсіптік университеті, Қызылорда облысының білім басқармасы, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі және «Чунцин баспасы» компаниясы қол қойды.

Бұл келісім жай ғана меморандум емес. Ол Қызылорда жастарына әлемдік өндіріс пен технологияның орталығында тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін стратегиялық қадам деуге болады.

Ресми делегацияны облыстық білім басқармасының басшысы Аскарбек Есжанов бастап барды. Делегация құрамында Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Талғатұлы және директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Бекзат Сабырұлы болды. Бұл сапардың басты мақсаты – өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға жақындату, жаңа технологияларды оқыту үдерісіне енгізу және студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Меморандум аясында оқытушылар мен студенттердің академиялық алмасуы ұйымдастырылады, бірлескен оқу-тәжірибелік орталықтар мен заманауи зертханалар ашылады, екі тілдегі оқулықтар әзірленеді, цифрлық білім беру ресурстары жасақталады. Сонымен қатар «Қытай тілі + кәсіптік дағдылар» бағдарламасы енгізіліп, түлектердің өндірістік тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Бұл келісімнің маңызын Чунцин қаласының экономикалық әлеуетімен де түсіндіруге болады. Чунцин – Қытайдың ең ірі индустриялық орталықтарының бірі. Сарапшылардың дерегінше, елдегі өнеркәсіп өндірісінің елеулі бөлігі осы өңірге тиесілі. Мұнда электроника, цифрлық технологиялар, машина жасау, робототехника және жоғары технологиялық өндіріс қарқынды дамыған. Қытайда шығарылатын ұялы телефондар мен олардың қосалқы бөлшектерінің қомақты үлесі дәл осы өңірде өндіріледі.

Сондықтан Қызылорда студенттері үшін Чунциннің тәжірибесін меңгеру – болашақ маман ретінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды баспалдақ. Бұл тек білім алмасу емес, өндірістік мәдениетті, инновациялық технологияларды және халықаралық тәжірибені игеру деген сөз.

Ертең Чунцин қаласында жалғасатын кездесулер барысында білім беру мен мәдениет саласындағы жаңа жобалар талқыланады. Мұндай байланыстар Сыр өңірінің білім беру жүйесін халықаралық кеңістікке шығарып қана қоймай, өңір экономикасына қажетті жоғары білікті мамандар даярлауға да серпін береді.

Қазіргі таңда дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, экономиканың өркендеуі ең алдымен сапалы техникалық білім мен білікті кадрларға байланысты. Сондықтан Қызылорда мен Қытай арасындағы бұл әріптестік өңір жастарының болашағына салынған инвестиция әрі білім беру саласының жаңа белесі деп бағалауға толық негіз бар.

БӨЛІСУ