ЗАМАНАУИ ТЕХНИКА МЕН ТАРИХИ МҰРА – ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ ДАМУ БАҒЫТЫ

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Жаңақорған ауданына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы мен тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы маңызды нысандарға арнайы назар аударылды. Аймақ басшысының Сунақата ауылындағы «Әмір» шаруа қожалығы мен Сығанақ қалашығына баруы өңірдің бүгінгі тынысы мен болашақ даму мүмкіндіктерін айқындай түсті.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемін арттыру тек жер көлеміне ғана емес, заманауи технологияларды тиімді пайдалануға да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда «Әмір» шаруа қожалығының тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Шаруашылық жыл сайын жүздеген тонна күріш пен көкөніс-бақша өнімдерін өндіріп, облысаралық нарықты қамтамасыз етіп келеді.

Ең бастысы, мұнда цифрлық технологиялар кеңінен енгізілген. Заманауи тракторлар, комбайндар, лазерлі тегістегіштер мен агродрондардың қолданылуы еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік беруде. Әсіресе су тапшылығы өзекті мәселеге айналған қазіргі кезеңде егіншілікті ғылыми негізде жүргізу мен ресурстарды үнемдеу басты талапқа айналып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста күріш алқаптарының қысқартылуы да осы қажеттіліктен туындаған шешім. Су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін егіс құрылымын әртараптандыруға басымдық берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз қалайды.

Облыс бойынша мыңдаған ауыл шаруашылығы техникасының толық жөндеуден өткізілуі және минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету шаралары да биылғы науқанның сапалы өтуіне мүмкіндік береді. Демек, аграрлық сектордағы жаңғырту жұмыстары өнім көлемін ғана емес, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін де арттыруға бағытталған.

Жұмыс сапарының келесі нысаны – қазақ тарихындағы орны ерекше Сығанақ қалашығы болды. Орта ғасырларда Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың және Қазақ хандығының саяси орталығы болған бұл қала ұлттық тарихымыздың алтын қазығы саналады.

Бүгінде Сығанақта археологиялық зерттеулер жүйелі түрде жүргізіліп, тарихи мұраны сақтау жұмыстары жалғасуда. Қалашықтың ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне ұсынылуы оның халықаралық деңгейдегі маңызын көрсетеді. Бұл тек ғылыми құндылық қана емес, болашақта туризмді дамытуға серпін беретін маңызды ресурс.

Жаңақорғандағы сапар ауыл шаруашылығы мен тарихи-мәдени мұраны дамыту бағыттарының өзара сабақтас екенін көрсетті. Бір жағынан заманауи технологиялар өндіріс тиімділігін арттырса, екінші жағынан тарихи ескерткіштер өңірдің туристік тартымдылығын күшейтеді. Сондықтан экономикалық даму мен ұлттық мұраны сақтау қатар жүзеге асқанда ғана өңірдің әлеуеті толық ашылмақ.

БӨЛІСУ