5 маусым – Эколог күні және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Руханият орталығында «Эколог сағаты» атты танымдық акция ұйымдастырылып, қатысушыларға арналған тақырыптық кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған қоғамдық жауапкершілікті күшейту. Сонымен қатар, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделді.
Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары және экология мәселесіне бейжай қарамайтын тұрғындар қатысты. Кездесу барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі маманы Ұланбек Ахметов сөз сөйлеп, аудан көлемінде атқарылып жатқан экологиялық жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Маман өз баяндамасында қоршаған ортаны қорғау бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, тұрмыстық қалдықтарды басқару және табиғи нысандарды қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы жөнінде пікір алмасып, қоршаған ортаны қорғау ісіне әр азаматтың үлес қосуы қажеттігін айтты. Әсіресе жастар арасында табиғатқа жанашырлық көзқарасты қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және экологиялық білімді арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Шара аясында ұйымдастырылған кітап көрмесіне экология, табиғатты қорғау, климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны сақтау тақырыптарындағы әдебиеттер қойылды. Қатысушылар кітаптармен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Мамандардың айтуынша, экологиялық проблемаларды шешу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады. Сондықтан мұндай танымдық кездесулер мен ағартушылық шаралар тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруда ерекше маңызға ие.
Жалпы, «Эколог сағаты» акциясы қатысушылардың табиғатты қорғау мәселелеріне деген қызығушылығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын тағы бір мәрте насихаттаған мазмұнды шаралардың бірі болды.