ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай аудандық Руханият орталығында салтанатты жиын ұйымдастырылып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен белсенді жастар марапатталды.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, аудан әкімінің атынан қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тазалық жұмыстарын ұйымдастыру бағытында белсенділік танытып жүрген азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.

Жиын барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары қоршаған ортаны қорғау – барша қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

– Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай аудан әкімінің қатысуымен тарихи-мәдени нысан – Мырзабай ахун кесенесі аумағында экологиялық акция ұйымдастырылды. Аудан әкімі баршаңызды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Бұл күн – табиғатты қорғау ісіне жауапкершілікпен қарап, қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегіне құрмет көрсететін маңызды мереке. Өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде экологиялық мәдениет қалыптасып, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығы артып келеді. Осы игі іске үлес қосып жүрген барлық азаматтарға алғыс білдіреміз, – деді Ғани Сүлейменов.

Шара барысында марапат иелері қоғам игілігі жолындағы еңбектің еленуі үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтып, алдағы уақытта да туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қоса беретіндерін жеткізді.

Соңғы жылдары аудан көлемінде санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру, абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауылдық елді мекендер мен қоғамдық орындарда тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғындардың қатысуымен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі акциялар өткізілуде.

Мамандардың айтуынша, табиғатты қорғау мәселесі тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Осы тұрғыда аудан тұрғындарының белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға оң ықпал етіп келеді.

Салтанатты жиын мерекелік көңіл-күйде өтіп, қоршаған ортаны қорғау саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін ұлықтауға арналды.

БӨЛІСУ