Қазалы ауданында өңір тұрғындары көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Сырдария өзені арқылы өтетін «Қарлаң» көпірінің құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін құрылыс барысымен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және ел ағалары арнайы танысты.
«Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымында орналасқан Қарлаң учаскесіндегі жаңа темір-бетон көпірдің құрылысы аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалардың қатарында. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін аудан тұрғындарының қатынау мүмкіндігі артып, елді мекендер арасындағы байланыс нығая түседі.
Жоба аясында Сырдария өзені арқылы өтетін заманауи көпір салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Нұрлы-Тау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Жалпы ұзындығы 248,29 метрді құрайтын көпір құрылысына 6,3 миллиард теңге қаржы қаралған. Бүгінде құрылыс алаңында жоспарланған жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, көлік қатынасы едәуір жеңілдейді. Сонымен қатар ауданның бірнеше ауылдық округтері мен шалғай елді мекендері арасындағы қатынас тұрақтанып, тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық байланыстары нығаяды. Әсіресе көктемгі су тасқыны мен маусымдық қолайсыз кезеңдерде қатынасты үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударды. Аймақ басшысы көпірдің стратегиялық маңызын атап өтіп, құрылыс барысында барлық техникалық талаптар мен қауіпсіздік нормаларының қатаң сақталуы қажеттігін айтты.
– Бұл көпір тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауданаралық қатынасты дамытуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға қызмет ететін маңызды нысан. Сондықтан құрылыс сапасы мен мерзімі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Барлық жұмыстар белгіленген талаптарға сай әрі уақытылы орындалуы қажет, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында жауапты мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, құрылыс кезеңдерінің орындалу барысымен таныстырды. Қазіргі уақытта көпірдің негізгі тірек құрылымдары мен инженерлік элементтерін орнату жұмыстары жалғасуда.
Жаңа нысан толық аяқталғаннан кейін Қазалы ауданындағы көлік инфрақұрылымының сапасы жақсарып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына жағдай жасалады. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мен логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
«Қарлаң» көпірі – өңірдегі инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі. Ел игілігі үшін салынып жатқан бұл нысан тұрғындардың ұзақ жылдан бергі сұранысын шешіп, ауданның дамуына серпін беретін маңызды жобалардың бірі болмақ.