ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Жалағаш ауданында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау және жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өткізіліп, бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.

Жиын барысында қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру, өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік міндеттемелердің орындалу барысы қаралды. Сонымен қатар еңбек қатынастары саласындағы заң талаптарының орындалуы, әлеуметтік аударымдар мен міндетті төлемдердің уақытылы жүргізілуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мәжілісте сөз алған аудан әкімі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жұмыс беруші еңбек қызметі барысында қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға жауапты. Сондықтан өндірістік ортада зиянды әрі қауіпті факторлардың алдын алуға бағытталған барлық шаралар толық орындалуы тиіс.

– Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – заң талабы ғана емес, жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші. Әрбір еңбек ұжымында еңбек заңнамасының талаптары сақталып, қызметкерлердің құқықтары қорғалуы қажет, – деді аудан әкімі.

Жиын барысында жұмысшылармен жеке және ұжымдық еңбек шарттарын жасасудың маңыздылығы да айтылды. Еңбек қатынастарының заң аясында рәсімделуі азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде зейнетақы жинақтарының қалыптасуына, әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне және еңбек дауларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне міндетті зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыру төлемдерінің толық әрі уақытылы жүргізілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді кешіктіретін немесе заң талаптарын орындамайтын мекемелер мен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.

Мәжілісте жалақы мәселесі де кеңінен сөз болды. Қызметкерлердің еңбекақысының уақытылы төленуі еңбек қатынастарының тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалдың маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Осыған байланысты барлық шаруашылық құрылымдары мен кәсіпкерлік субъектілеріне жұмысшылар алдында жалақы бойынша берешектің туындауына жол бермеу міндеті қойылды.

Сондай-ақ еңбек және сақтандыру шарттарын рәсімдеу, еңбек құқықтарын түсіндіру және өндірістік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етіп, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Жалпы, мәжілісте көтерілген мәселелер еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Аудан көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, еңбек ұжымдарында қауіпсіз әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастыруға басымдық берілмек.

БӨЛІСУ