АУДАН ӘКІМІ «МЕКТЕБІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

Жалағаш ауданында 2025-2026 оқу жылының аяқталуына арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара өтті. №202 З.Жарқынбаев атындағы орта мектепте ұйымдастырылған мерекелік жиынға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, ұстаздар қауымын, ата-аналарды және мектеп бітіруші түлектерді оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.

Салтанатты шара барысында аудан басшысы білім беру саласының қоғам дамуындағы маңызына тоқталып, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

– Мектеп – білім мен тәрбиенің алтын бесігі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, өскелең ұрпақты білімге баулумен қатар, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру де аса маңызды. Білім – адамды биік мақсаттарға жетелейтін, болашаққа жол ашатын ең құнды қазына. Сондықтан жастарымыздың алған білімін ел игілігіне жұмсап, қоғамның дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасуы басты міндеттердің бірі, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан басшысы түлектерге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тілеп, мемлекеттік грант иегері атанып, таңдаған мамандықтарының үздігі болуға шақырды.

Мерекелік шарада мектеп бітіруші түлектерге ізгі тілектер айтылып, ұстаздарға алғыс білдірілді. Оқушылардың қатысуымен дайындалған концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсем әндер шырқалып, би қойылымдары мен әдеби-музыкалық композициялар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша 470 оқушы мектеп бітіруде. Оның ішінде 414 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Сонымен қатар, 20 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, 42 түлек «Үздік аттестатқа» ұсынылған.

Білім ордаларынан үлкен өмірге қадам басқан түлектер үшін бұл күн – балалық шақпен қоштасып, жаңа белеске бет алған ерекше сәт. Аудан жұртшылығы жас түлектердің алдағы өмір жолына сәттілік тілеп, олардың елдің өркендеуіне қызмет ететін білімді де білікті азамат болып қалыптасатынына сенім білдіруде.

БӨЛІСУ