ҚЫЗЫЛОРДАДА РУХАНИ ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ ҚАЛАНУДА

Қызылорда қаласында бой көтеріп жатқан жаңа Президенттік кітапхана – өңірдің мәдени-рухани дамуына серпін беретін ірі жобалардың бірі. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Президент саябағындағы құрылыс алаңына барып, нысандағы жұмыс қарқынымен танысты.

Бұл бастама Мемлекет басшысының өткен жылғы аймаққа жұмыс сапары кезінде берілген тапсырмасынан бастау алған болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Алматыдағы тәжірибе негізінде Қызылордада тәулік бойы жұмыс істейтін үшінші Президенттік кітапхана ашылатынын мәлімдеген еді. Бүгінде сол маңызды жоба нақты іске айналып, құрылыс қарқыны күшейген.

Заманауи талапқа сай салынатын көпфункционалды кітапхана – тек кітап сақтайтын орын ғана емес, жаңа форматтағы интеллектуалды және технологиялық орталық болмақ. Инвестор есебінен бөлінген 20 миллиард теңге өңірдегі кітапхана инфрақұрылымын жаңғыртуға, оқырманға қолжетімді білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.

13 мың шаршы метр аумақты қамтитын нысанда 1 миллионнан астам кітап қорын сақтау жоспарланған. Сонымен қатар жыл сайын 250-300 мың оқырманға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Ашық форматтағы оқу залдары, электронды ресурстармен жұмыс істеуге арналған арнайы бөлме, медиа-лаб пен подкаст студиясының ашылуы – кітапхананың дәстүрлі ұғымнан әлдеқайда кең ауқымға шыққанын көрсетеді.

Бұл жоба – Сыр өңіріндегі жастардың білімге, ғылым мен шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыратын маңызды қадам. Цифрлық дәуір талабына бейімделген жаңа кітапхана Қызылорданың рухани келбетін жаңартып, аймақтың интеллектуалдық әлеуетін күшейтетін орталыққа айналмақ.

БӨЛІСУ