ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА ЕГІС АЛҚАПТАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Жаңақорған ауданында 2026 жылдың егіс науқанына дайындық және суармалы суды тиімді пайдалану мәселелері басты назарға алынуда. Осыған байланысты облыстық сала мамандары мен жауапты мекеме өкілдерінен құрылған жұмыс тобы аудан аумағындағы шаруашылық құрылымдарының егістік алқаптарына арнайы мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Негізгі мақсат – алдағы егіс маусымында суармалы сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін саралау, су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы саласында ауыспалы егіс тәртібінің сақталуын бақылау.

Жұмыс тобы аудан көлеміндегі бірқатар шаруашылық құрылымдарын аралап, егін орналастыру жұмыстарының барысымен танысты. Мониторинг барысында мамандар егістік көлемдерін, дақылдардың орналасу тәртібін және су үнемдеу талаптарының орындалуын зерделеді.

Әсіресе, ауыспалы егіс жүйесінің сақталуына ерекше мән берілді. Себебі бұл тәсіл жер құнарлылығын арттырып қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалануға және өнім көлемін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бір дақылды бірнеше жыл қатарынан егу топырақтың тозуына әкеліп, өнім сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Мониторинг жұмыстары барысында заманауи технологиялар да кеңінен қолданылды. Атап айтқанда, егіс алқаптарына әуеден дрон арқылы бақылау жүргізіліп, танаптардың орналасуы мен егіс құрылымдарына талдау жасалды. Бұл әдіс нақты мәлімет алуға, суармалы жерлердің жағдайын бақылауға және талаптардың сақталуын тиімді қадағалауға мүмкіндік береді.

Жұмыс тобы шаруашылық басшыларымен кездесіп, алдағы уақытта су тапшылығы орын алуы мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты суды үнемдеу технологияларын енгізу, егіс көлемін ғылыми негізде жоспарлау және ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Мамандар климаттық өзгерістер мен су ресурстарының азаюы қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласына жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтті. Сондықтан әрбір шаруашылық су үнемдеуге бағытталған тәсілдерді қолдануы тиіс. Бұл тек бүгінгі егіннің емес, келешек ауыл шаруашылығының тұрақтылығына да тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар жұмыс тобы тарапынан шаруаларға күріш көлемін ғылыми негізде орналастыру, су аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру және егін шаруашылығында жаңа технологияларды пайдалану жөнінде ұсыныстар айтылды.

Жалпы, мұндай мониторингтік жұмыстар егіс науқанына ерте дайындалуға, су тапшылығының алдын алуға және ауыл шаруашылығындағы жоспарлы жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен агротехникалық талаптарды сақтау – өнімділікті арттырудың және сала тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты кепілі.

Айта кетейік, алдағы уақытта да өңірдегі егіс алқаптарына мониторинг жұмыстары жалғасып, су пайдалану тәртібі мен ауыспалы егіс талаптарының орындалуы тұрақты бақылауда болады.

БӨЛІСУ