САЛЫҚ БАЗАСЫН ҰЛҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен өткен салық базасын ұлғайту мәселелері қатысты мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.

Мәжілістен кейін аудан басшысы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Аудан әкімі ауданда тиімді бюджет және салық саясатын жүргізу, қаржы қазанына түсімдердің толыққанды түсуін, қаржының тиімді жоспарлануын әрі игерілуін нәтижелі ұйымдастыру керектігін жеткізді. Жергілікті бюджеттің салық базасын ұлғайту бағытында жұмыс жасап, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен аудандық кірістер басқармасының басшысына салық базасын кеңейту, берешекті өндіру бойынша қарқынды жұмыс жасауды тапсырды.

Сонымен қатар салық базасын ұлғайту мақсатында құрылған арнайы жұмысшы топтың жұмысын күшейтіп, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сыртта жүрген кәсіпкер жерлестерді жергілікті жерге тіркету бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін ескертті.

Жиын соңында аудан басшысы қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін барлық кіріс көзін толық қамтып, бюджет түсімдерін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жасау жөнінде тапсырмалар берді.

БӨЛІСУ