Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовтің төрағалық етуімен мәслихаттың кезектен тыс 26 сессиясы өтті.

Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары мен мәслихат аппаратының басшысы, облыстық басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы № 130 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Аталған мәселе сессия алдында өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында жан-жақты талқыланып, депутаттар тарапынан болған бірқатар ұсыныстар қолдау тапқан болатын. Бұл мәселе жөнінде сессия отырысында депутаттардың кейбір сұрақтарына басқарма басшысы С.Мырзабек тарапынан қосымша жауаптар берілді.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы М.Тлеумбетов барлық басқарма басшыларына алдағы уақытта депутаттардың ұсыныстарына, олардың көтерген сұрақтарына толық, дәлелді әрі нақты жауаптар берілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов бюджет қаражатының тиімді және мақсатты жұмсалу қажеттігін атап өтіп, барлық бастамалар мен жобаларды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында бірлесе іске асырудың маңызын жеткізді.
Сессия соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті шешім қабылданды.

БӨЛІСУ