ҚЫЗЫЛОРДАДА 80 СОТТАЛУШЫ КОЛЛЕДЖГЕ ТҮСТІ

Қызылордада 40 жастағы сотталған студент атанды.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде 2025–2026 оқу жылына 80 сотталған арнайы колледждерге қабылданды. Енді олардың жаза мерзімін өтей жүріп, кәсіптік білім алып, маман иесі болуға мүмкіндігі бар.
Атап айтқанда, Смағұл Ысқақов атындағы «Қызылорда құрылыс және бизнес» колледжі – Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, Кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері мамандарын даярлауда. М. Саламатов атындағы «Қызмет көрсету және сервис» колледжі – тігінші мамандықтары, ал М. Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық ІТ жоғары колледжінде сотталғандар дәнекерлеу ісін меңгеруде.

Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы Айдана Абдреимованың айтуынша мамандық иесі атанған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанға дейін мекеменің өндірістік аумағындағы жеке кәсіпкерлерге жұмысқа орналаса алады. Нәтижесінде олар жалақы табуға , қылмыстық іс бойынша келтірілген шығындарын өтеуге, сонымен бірге туыстарына материалдық қолдау көрсетуге қол жеткізбек.
– «Мен бұрын мамандық ала алмағанмын. Жасым 40 жаста. Білім алудың ерте кеші жоқ деп ойлаймын. Жоғары білімім де жоқ. Қазір осында жүріп, дәнекерлеуші мамандығын оқып жатырмын. Ертең бостандыққа шыққанда қолымда дипломым болатынына қуаныштымын. Бұл маған жаңа өмір бастауға үлкен мүмкіндік береді», – дейді колледж студенті атанған сотталғандардың бірі.

БӨЛІСУ