Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апта басындағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңа Салық кодексі салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс. Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды» -деп, Жаңа салық кодексіне арнайы тоқталып өткен болатын.
Осыған сәйкес, бүгін жаңа Салық кодексін түсіндіру мақсатында Қазалы ауданына Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елеманов пен департаменттің бірқатар басқарма басшылары және мамандары арнайы келіп, аудан тұрғындарына семинар өткізді.
Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде өткен жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев төрағалық етіп, келген қонақтарды таныстырып өтті. Сондай-ақ Қазалы ауданы кәсіпкерлігі дамыған, ырысы тасыған аудан ретінде мемлекет қазынасын толтыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарып жатқандығын жеткізді.
Жиын барысында Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Сейдекәрімұлы мен Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова хабарлама жасап, жаңа салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында толыққанды мәлімет берді.
Мұнан бөлек, семинар барысында жиынға қатысушылар жаңа салық кодексіне байланысты өздерін толғандырған сауалдарына жан-жақты жауап алып, сала мамандарымен пікірлесті.