БАҚ өкілдері Жаңақорғанның бірқатар нысандарын аралап, өңірдің әлеуметтік — экономикалық дамуымен танысуда.
Пресс-турдың алғашқы нысаны жуырда ғана пайдалануға берілген Жаңақорған кентіндегі теміржол арқылы өтетін аспалы көпір болды. Көп жылдан бері тұрғындар күткен бұл көпір ауданымыздың Сыр беткейіндегі ауылдардың аудан орталығына қатынауын едәуір жеңілдетіп, халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететін маңызды инфрақұрылымдық жоба.
Журналистер көпірдің құрылыс барысымен және оның маңыздылығымен танысып, тұрғындардың пікірін тыңдады.
Содпн соң БАҚ өкілдері «Жаңақорған Автоматтандырылған Газ Тарату Станциясын (АГТС) кеңейту» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Аудан аумағында жүзеге асып жатқан бұл маңызды инфрақұрылымдық жоба – қолданыстағы «Жаңақорған АГТС»-тің қуатын 20 000 м³/сағаттан 40 000 м³/сағатқа дейін ұлғайтуды көздейді. Жобаның жалпы құны – 2,3 млрд теңге.
Құрылыс жұмыстарын «Транс Азия Констракшн» ЖШС жүргізуде. Ал қажетті технологиялық құрал-жабдықтар «Батыс Мұнай Газ Жабдықтары» ЖШС тарапынан жеткізіліп, бүгінде 13 блок-модуль мен тиісті құрылғылар толық орнатылды.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 98 пайызы орындалып, нысанды ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында толық аяқтау жоспарлануда.
Жоба іске қосылған жағдайда аудандағы
8 елді мекеннің (Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Билібай) тұрғындары мен кәсіпорындары көгілдір отынға қосылады. Бұл – 1793 тұрғын үй мен 11604 халықтың өмір сапасын жақсартуға сеп болмақ.