Ағымдағы жылы Сырдария ауданында серпінді тіршілік бар. Экономикаға тікелей ықпал ететін ауданның өнеркәсіп орындары 42,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 7,5 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 6,9 млрд теңгені құрап, 34,7 пайызға өсті. (Тау-кен – 3,5%, тамақ өнеркәсібі – 26,8%, металл емес минералды өнімдер – 9,6 есеге ұлғайып отыр). Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі осы жылдың қаңтар-мамырында 2,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артып отыр. Биыл аудан экономикасына 30,7 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 118,5 пайыз. 8139 шаршы метрге тұрғын үй салынып, 5,3 пайызға ұлғайды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 5197 млн теңгені құрап, 107 пайыз болды. Бөлшек сауда айналымының нақты көлемі 1,3 млрд теңге болып былтырғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,2 пайызды көрсетті. 2025 жылдың 1 маусымына 2698 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның 153-і шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалар, 1275 жеке кәсіпкер, 1270 шаруа және фермер қожалығы.
Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъекті саны 2639 болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 96,6 пайызды құрады. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 97,8 пайыз. Міне, көрсеткіштердің барлығы ауданның даму динамикасының жоғары екенін байқатады.
Ауданда жол, құрылыс коммуналдық сала және абаттандыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысы халықты қолжетімді баспанамен қамту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осы ретте, өткен жылы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары негізінде Тереңөзек кентінде 144 пәтер сатып алынып, кезекте тұрғандарға табысталды. Ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстарына ерекше мән берілуде. Алдыңғы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 330 млн теңгеге Қалжан ахун ауылы «көгілдір отынға» қосылды. Былтыр құны 1 млрд теңгеге Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағанбетов ауылдары газдандырылды.
Биыл Нағи Ілиясов ауылы «көгілдір отынға» қосылды. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі іргелі ең үлкен ауыл «Шаған» ауылына газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған елді мекен тұрғындары биыл табиғи газдың игілігін көретін болады. «Ақжарма» ауылына да газ тарту жұмыстары үшін тиісті қаржы бөлініп, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес жұмыс жасалуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан халқын газдандыру деңгейі 70 пайызға жетеді.
Электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. 2023 жылы құны 1,6 млрд теңгеге «Айдарлы», «Жетікөл», Аманкелді, «Қоғалыкөл» елді мекендерінің электр желілері (барлық бағаналар, сым, трансформаторлар) 100 пайыз ауыстырылып, қайта жаңғыртылса, 2024 жылы 1,6 млрд теңгеге «Шаған» ауылында дәл осындай жұмыстар аяқталып, бүгінде Қалжан ахун елді мекенінде тиісті шаруа атқарылуда. Нәтижесінде ауданның электр жүйесінің тозу деңгейі 65 пайызға төмендейді.
Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу-газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Жаңа бу-газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынады, оған 270 гектар жер бөлінді. Жоба ауданның экономикасын дамытуға септігін тигізеді.
Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен құны 174 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында құны 73,2 млн теңгеге аудан орталығында 6 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілді.
Аудандық бюджет есебінен 200 млн теңгеге орталықтағы «Тағзым алаңы» абаттандырылып, «Жастар аллеясы» салынса, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, аудан көлеміндегі халық көп шоғырланған, әлеуметтік нысандар мен мектептер орналасқан көшелерге 250 млн теңге қаралып, 6 көшеде 13 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданда «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» апталықтары ұйымдастырылып, санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Осыған байланысты Тереңөзек кентінде 475 млн теңгеге тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауға арналған полигон пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 7 адам жұмыспен қамтылып, тұрмыстық қалдықтар сұрыптаудан өтуде. Аймақ басшысының бастамасымен үшінші рет өткізілген «Үлгілі елді мекен» байқауының нәтижесінде Тереңөзек кенті жүлделі орынға ие болып, тазалық жұмыстарына 2 арнайы техника берілді.
Биыл Тереңөзек кентінің көшелерінде жаяу жүргіншілер жолын салу, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын қайта жаңғырту, 6 көшеге қиыршық тас төсеу, «Ақжарма» ауылына газ тарту, Аманкелді ауылында 2 көшеге қиыршық тас төсеу, «Жетікөл» ауылының 5 көшесіне ағымдағы жөндеу, ойын алаңын салу, «Шаған» ауылының кварталішілік газ тарату желісінің құрылысы, көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, «Шіркейлі» ауылында 1, С.Сейфуллин ауылында 3 көшеге күрделі жөндеу, электрмен жабдықтау, А.Тоқмағанбетов ауылын электрмен жабдықтау, жаяу жүргінші жолын салу секілді жұмыстар биылға жоспарланып отыр.
Аймақ басшысының бастамасымен өткен жылы «Руханият жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай ауданымызда мәдениет саласында да біршама жұмыс атқарылды. Аудан орталығында неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Руханият орталығы» бой көтерді. 2025 жылдың ақпан айында ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудан орталығына ерекше сән беріп тұрған ғимаратта, мәдени-көпшілік шаралар, рухани кештер үздіксіз жүргізіліп, кітапхана оқырмандарына 24 сағат жұмыс жасауда.
Айтулы жылда ауданның мәдениет саласына үлкен қолдау көрсетіліп, клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмысын бастады. Бұл орталықтарда 35 жаңа үйірмелер ашылып, онда жастар мен жасөспірімдер шығармашылықпен айналысуда.
Құны 185,4 млн теңгеге «Бесарық» ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті және Аманкелді, «Жетікөл», Н.Ілиясов, «Шаған», «Іңкәрдария», «Ақжарма», Қалжан ахун елді мекендеріне «ЛЭД» экран, музыкалық аппаратуралар мен аспаптар, басқа да құрал-жабдықтар алынды.
Кейінгі екі жылда аудан көлеміндегі А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, «Іңкәрдария» ауылдарының медициналық ғимараттары, Тереңөзек кентінде аудандық аурухананың оңалту бөлімшесі және Аманкелді елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Сала жұмысын жетілдіру үшін ауданға 14 медициналық автокөлік берілсе, 133,7 млн теңгеге УЗИ, жылжымалы рентген, тыныс алу аппараттары және медициналық құрал-жабдықтар алынды.