Облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Балжан Шәменованың төрағалығымен облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары мен сала мамандары қатысты.

Отырыста алдымен «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы № 130 шешіміне енетін өзгерістер қаралды. Бұл жөнінде облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабеков хабарлама жасап, ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты түсіндірді.
Хабарламадан соң депутаттар бірқатар сұрақтарын қойып, нақты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бюджет қаржысы тиімді және нәтижелі жұмсалуы керектігі баса айтылды.
Мұнан соң, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Қанатов күн тәртібіндегі «Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының есебі туралы» мәселе бойынша хабарлама жасап, облыстың білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы кеңінен баяндады.
Аталған мәселелерге басқарма басшылары тарапынан сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында толыққанды жауаптар берілетіндігі айтылды.
Сонымен қатар, күн тәртібінде «Қызылорда қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» мәселе де қаралды.
Отырыс соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіндегі мәселелерді тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қарау жөнінде қаулы қабылданды.

БӨЛІСУ