ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАСАЛУДА

Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізудің нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 221,6 мың адамға SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 116,9 мың адам пайдаланды.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ, ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады.

Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем; Бала туу мен күтіміне жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Қызылорда облысында «Отбасының цифрлық картасы» толықтай іске қосылды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде цифрлық картада Қызылорда облысы бойынша

784,2 мың адамның немесе 220,3 мың отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Жинақталған деректер негізінде экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдаулар жүргізіледі, ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда цифрлық карта СМС хабарлама арқылы жәрдемақы немесе әлеуметтік төлемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді.

Ол үшін ОЦК арқылы әлеуетті жәрдемақы алушыға СМС-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады.

Цифрлық картада халықтың әл-ауқат деңгейі бойынша өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, мұқтаждығына қарай ведомствоаралық көмектер көрсетілетін болады.

БӨЛІСУ