“ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Жыл басынан бері елімізде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 400-ден астам іс-шара өткізілді

2025 жылдың басынан бері елімізде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 405 іс-шара өткізілді. Атап айтқанда: «Таза қала», «Таза аймақ», «Таза жағалау», «Қалаға ағаш», «Мөлдір бұлақ», Халықаралық құстар күні, «Жер сағаты» және басқа да акциялар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Негізгі нәтижелер:

121 мың тоннадан астам қалдық жиналды;
584 мың гектарға жуық аумақ тазартылды;
1,7 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылды;
Іс-шараларға 1,4 миллионға жуық адам қатысты, оның ішінде 82 мың ерікті бар.

ЖОО мен мектептерде экосағаттар аясында экология департаменттерінің зертханаларына экскурсиялар мен дәрістер өткізілді. 5000-нан астам студент экологиялық мониторинг құралдарымен танысты.

Су айдындарын тазарту кезінде 342 балық аулау торы жиналды, 21 бұлақ қалпына келтірілді, мектеп оқушылары 1982 ұя (құс үйшігі) орнатты.

21–23 сәуір аралығында Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Таза Қазақстан» экофестивалі өтті. Көрме алаңында келесідей жобалар таныстырылды:

— Қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жобалары;
— Ірі өнеркәсіптік компаниялардың бастамалары (ERG, ТШО, КПО, Қазақмыс);
— Халықаралық жасыл технологиялар орталығының қолдауымен экостартаптар;
— Мектеп оқушыларының экологиялық жобалары.

Көрмені 1500-ден астам адам, соның ішінде елорда ЖОО-лары мен колледждерінің студенттері тамашалады.

Айта кету керек, Қызылорда облысы бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы басталғаннан бері облыстың 730 000-ға жуық тұрғыны қатысты. 27 000 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 505 сквер мен саябақ, 225 тарихи мәдениет ескерткішінің аумағы, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 322 су нысаны, 47 451 аула мен көше тазартылды.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында халықпен кері байланыс орнату мақсатында Telegram-да чат-бот жұмыс істеп тұр. Бұл чат-бот арқылы әрбір азамат ластанған аумақтың фотосын және геолокациясын жолдай алады. Өтінімдер автоматты түрде тиісті органдарға жіберіліп, жедел түрде қарастырылады.

БӨЛІСУ