Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен орыс әдебиетінің аса көрнекті ақыны, драматургі және жазушысы Михаил Юрьевич Лермонтовтың 210 жылдығына орай С.Лапин атындағы №261 орта мектеп базасында 8-9 сынып оқушылары арасында «Нұрлы өлеңімен өміршең» тақырыбында қалалық мәнерлеп оқу байқауы өтті.
Михаил Юрьевич Лермонтов қысқа ғана ғұмырында поэзия және проза жанрында шоқтығы биік туындылар жазып, әлем әдебиетінде өзіндік орын алды. Ол өз заманының өткір мәселелерін көтеріп, адам жанының терең иірімдерін ашып көрсеткен туындыларымен танымал. 2
Байқау М.Ю.Лермонтовтың әдеби мұрасын тереңірек түсініп, оның шығармаларын көркемдік шеберлікпен оқуға арналды. Бұл поэзияға деген сүйіспеншілікті оятып, көркем сөзді меңгеруге, сөйлеу шеберлігін дамытуға ықпал етті. Шара барысында С.Лапин атындағы №261 орта мектеп оқушылары М.Ю.Лермонтовтың «Біздің заманымыздың қаһарманы» шығармасы бойынша сахналық қойылым қойып, шығармашылық қабілеттерін танытты. Байқаудың өн бойында оқушылар орыс биін билеп, хормен ән де шырқап, жарқын көңіл-күй сыйлады. Қала мектептерінен келген қатысушылар шығарманың мазмұнын толық жеткізуі, эмоция мен интонацияның сәйкестігі, дауыс ырғағы мен дикциясы бойынша бағаланып, үздіктер қалалық білім бөлімі тарапынан Диплом, Алғыс хаттармен марапатталды.