8 желтоқсанда Қызылорда өңірінің 7 округінде шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.
Науқанды өткізуге 7 округ, 14 учаскелік комиссия жауапты.
Сайлау процесін заң талаптарына сай ашық әрі жариялы түрде өткізу – комиссия мүшелерінің біліктілік деңгейіне байланысты. Бұл ретте оқыту жұмыстарын үздіксіз жүргізу маңызды.
Осы ретте ҚР Орталық сайлау комиссиясы өңірлердегі оқыту жұмыстарының барысын бақылау үшін іссапармен Қызылорда облысына келді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов және Орталық аппарат өкілдері Сәуле Қозыбаева, Гүлзат Кенбаева және Айгерім Тәжиева аймақтағы практикалық кейстерге құрылған оқыту жұмыстарын көрді.
Алдымен ОСК өкілдері барлық комиссия мүшелерінен заңнаманы білу туралы тест алды.
Әрі қарай Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауын өткізудің ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды және атқарылған жұмыстарды тізбеледі.
Оқытуда 7 округ 7 топқа бөлініп, өзара кейстерді талқылады. Оған округтік, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері бірге қатысты.
Модераторлар әрбір кейске сай талқылау дүргізіп, ортақ тақырыптар аясында ой-талқы ұйымдастырды.
Ал, ОСК өкілдері практикалық жағдайларға негізделген кейстерге қатысты пікір білдіріп, сұрақтарға жауап берді.
Асылбек Айжарықұлы сайлау науқандарын әділетті түрде әрі заң талаптарына сай өткізу – әрбір комиссияның тікелей міндеті екенін қаперге салды. Сондай-ақ, сайлаушылардың құқығының сақталуы, байқаушылар мен кандидаттың сенім білдірген адамдарымен жұмыс жүргізудің алгоритмдері қатаң сақталуы керек екенін еске салды.
Сөз соңында аймақта ұйымдастырылған оқыту семинарына оң бағасын беріп, бірқатар ұсыныстарды талқылады.