Облыс әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен денсаулық сақтау саласын жетілдіру, халықаралық тәжірибені ұштастыру мақсатында орта буын медицина қызметкерлері арасында ғылыми конференция болып өтті.
Алыс-жақын шетелдік оқу орындарының өкілдері де қатысқан халықаралық конференцияны облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы ашып берiп, қатысушыларға алғысын бiлдiрдi. Одан бөлек шараға арнайы келген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Қауышева Алмагүл Амангелдіқызы құттықтау сөз сөйлеп шараны жалғады.
Конференция одан әрi елiмiздегi медицина колледжінің мамандары мен Латвия, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерiнен келген медицина өкiлдерiнiң баяндамаларына ұласты. Сондай-ақ, қатысушылар өзекті тенденцияларды талқылап, тәжірибе алмасты.
Ағымдағы жылы 100 жылға жуық тарихы бар Қызылорда медициналық жоғары колледжінде оқу-зертханалық, симуляциялық кабинеттер жаңғыртылып, емдік шөптер өсірілетін жылыжай ашылған болатын. Халықаралық шараға қатысқан қонақтарға аймақтың бас дәрігері Искаков Олжас Ермекұлы виртуалды оқу кабинеті мен студенттердің тәжірибелік сабағын өткізу мақсатында ашылған жылыжай жұмысын таныстырды. Жылыжайда Іле Алатау бөктерінде жерсіндірілген шетел және Қазақстан флорасынан өсiмдiктердiң 60-тан астам үлгісі әкелінсе, 43 түрі тұқым арқылы себілген.
Айта кетейік, Қызылорда медициналық жоғары колледжі құрылғаннан бері 30000-нан астам орта буын медицина мамандарын даярлаған.
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау саласына, оның ішінде кадр даярлау, олардың біліктілігін жетілдіру бағытындағы жұмыстарға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы да жыл сайын артып келеді. Атап айтар болсақ, соңғы 3 жылда медицина мамандарының білімін жетілдіруге облыстық бюджеттен 532 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 1543 қызметкер білім деңгейлерін көтеріп отыр. Одан бөлек облыс әкімінің грантымен резиндентурада 167 маман оқуда. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.