Жыр елі -Жыраулар үйі ашылды.
Қызылордада «Руханият» жылы аясында облыстық филармония жанынан «Жыраулар үйі» ашылды.

Шараға облыстық мәслихат төрағасы, «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, профессор Алмас Алматов, фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық, орындаушылық үрдістің көрнекті өкілі, жыршы Берік Жүсіпов, дәстүрлі әнші, Сүйінбай, Жамбыл дәстүрін жалғастырушы Ақан Әбдуалиев, жыршы, мәдениет қайраткері Амандық Көмеков, жыршы, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен және жыршы-жыраулар, руханият жанашырлары қатысты. Жыраулар үйінің лента қию рәсімі өнер қайраткерлеріне ұсынылды.

Өнер ордасында понорамалық Қорқыт ата композициясы қойылған. Тарихи композицияда түркі халықтарының ортақ ұлы ойшылы, жырау, күй атасы – Қорқыт бабамыздың бейнесі және Жанкент, Сауран, Шірік-рабат сынды көне қалалары суреттелген. Одан бөлек ғимаратта Инфокиоск – ақпараттандыру құрылғысы орнатылған. Ақпараттық тақтада жыраулар үйіне қатысты барлық мәліметтер енгізілген. Сондай-ақ Жыраулар үйінде конференция және көрермендер залы мен экспозициялық музей залы да жасақталған.

Жыраулар үйінің алқалы алаңында Сыр сүлейлерінің ізбасарлары, жыршы-жыраулар өнер көрсетіп, жырдан шашу шашты.

БӨЛІСУ