Атырау қаласында Ұлттық құрылтай жиынының бірінші күні басталды.

ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібайдың төрағалығымен өткен “Азаматтық қоғам” сессиясында Әділет министрі Азамат Есқараев баяндама жасады.

Министр Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған Ұлттық құрылтай бүгінде қоғамдағы өткір мәселелерді талқылап, шешімін табатын жалпыұлттық алаңға айналғанына тоқталды, деп хабарлайды  inbusiness.kz сайты.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы шеңберінде жұмыс секцияларының мәслихаттары өтті,- деп жазады Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин.

Түске дейін ҚР Президентінің көмекшісі Руслан Желдібайдың модераторлық етуімен «Азаматтық қоғам» секциясы, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның модераторлығымен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясы жұмыс істеді.  

Ал түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясының, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің модераторлық жасауымен «Білім және ғылым» секциясының отырысы өтті.  

Жалпы алғанда, төрт секцияның жұмысында Ұлттық құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса ұсыныс пен бастама көтерілді.  

Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге, елдің ғылыми әлеуетін көтеруге, мәдениет саласын қолдауға, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, көші-қон мәселесін реттеуге және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты жасалды.  

Ұлттық құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді.

БӨЛІСУ