Қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағы ең алдымен заңға деген құрметтен басталады. Заң талаптарын сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әр азаматтың күнделікті өміріндегі жауапкершілік өлшеміне айналуы тиіс. Әсіресе, қоғамдық көзқарас пен жаңа құндылықтар қалыптасып жатқан жастар ортасында құқықтық мәдениетті орнықтыру – уақыт талабы. Осы тұрғыдан алғанда Қызылорда қаласындағы Президент паркінің амфитеатрында өткен «Жастар және заң мен тәртіп» атты облыстық «Жайдарман» ойындарының мазмұны ерекше назар аудартады. «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» онкүндігі аясында ұйымдастырылған шара Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын жастар арасында кеңінен насихаттауды мақсат етті. Бір қарағанда, заң тақырыбын әзіл-сықақпен ұштастыру тосын көрінуі мүмкін. Алайда жастар аудиториясына құқықтық құндылықтарды жеткізудің тиімді жолдарының бірі – күрделі мәселені түсінікті тілмен, күнделікті өмірдегі мысалдар арқылы көрсету. «Жайдарман» сахнасында әзілге негіз болған қоғамдық мәселелер шын мәнінде қоғамдағы маңызды түйткілдерді ашып көрсетудің бір тәсіліне айналды. Сайысқа Қызылорда қаласы мен облыс аудандарынан келген жас жайдарманшылар қоғамдық тәртіп, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілік және құқықтық мәдениет мәселелерін өз қойылымдарына арқау етті. Бұл жерде жастардың рөлі көрермен болумен ғана шектелмейді. Олар өздері қоғамдағы проблемаларды байқап, оны саралап, көпшілікке әзіл арқылы жеткізді. Демек, мұндай шығармашылық алаң жастардың азаматтық белсенділігін арттырудың да бір тетігі. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов шара барысында заң мен тәртіптің орнықты қоғамның негізгі тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық мәдениет заңды білумен ғана шектелмейді. Ол адамның өз құқығы мен міндетін түсінуінен, қоғамдық ортадағы әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады. Бұл пікірдің өзектілігі де осында. Қазіргі қоғамда азаматтың құқықтық сауаты неғұрлым жоғары болған сайын, заң бұзушылыққа бейжай қарамау, өз құқығын қорғау, өзгенің құқығына құрметпен қарау мәдениеті де соғұрлым қалыптасады. Ал бұл құндылықтарды жас кезден бойға сіңіру – құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. «Заң мен тәртіп» ұғымдарын тек полиция, сот немесе жауапкершілікпен байланыстыру жеткіліксіз. Оның мәні әлдеқайда кең. Ол – қоғамдық орында өзін ұстаудан, жол қозғалысы ережесін сақтаудан, өзгенің тыныштығын құрметтеуден, мемлекеттік және қоғамдық мүлікке ұқыпты қараудан, интернет кеңістігіндегі жауапкершіліктен басталады. Яғни заң мен тәртіп – күнделікті өмір салтына айналғанда ғана қоғамға нақты әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда «Жайдарман» сияқты жастардың шығармашылық әлеуетін пайдаланатын жобалардың тәрбиелік мәні зор. Себебі құрғақ насихаттан гөрі әзіл мен шынайы өмір көріністері арқылы айтылған ойдың жастар санасында қалуы ықтимал. Әзіл – мәселені жеңілдетудің ғана емес, оны өткір жеткізудің де құралы. Сондықтан сахнада айтылған әр қалжыңның астарында қоғамдық жауапкершілікке шақыратын ой жатуы маңызды. Биылғы Халықаралық жастар күніне арналған іс-шаралардың Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуі және алда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы аясында өткізілуі де жастардың азаматтық ұстанымын күшейтудің маңызын айқындай түседі. Конституциялық құндылықтарды білу, қоғамдық процестерге қызығушылық таныту, ел болашағына қатысты мәселелерге бейжай қарамау – қазіргі жастардың азаматтық мәдениетінің маңызды көрсеткіштері. 10–12 тамыз аралығында республика көлемінде өтетін «Жастармен бірге!» акциясы да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға мүмкіндік береді. Ал өңірде ұйымдастырылатын Абай күніне арналған әдеби кештер, «Оқы. Ойлан. Өзгер.» акциясы, «100 минут оқу» челленджі, цифрлық сауаттылық кездесулері, экологиялық және волонтерлік шаралар жастардың жан-жақты дамуына бағытталған. Бұған қоса білім алу, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік және мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша кеңес беретін жастар алаңдарының жұмыс істеуі – жастар саясатының тек мерекелік іс-шаралармен шектелмей, нақты әлеуметтік қажеттіліктерге жауап беруге ұмтылып отырғанын көрсетеді. Себебі заң мен тәртіпті құрметтейтін қоғам қалыптастыру үшін жастарға тек талап қою аздық етеді. Оларға сапалы білім алуға, еңбек етуге, кәсіп бастауға, өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік жасау да маңызды. Құқығын білетін, мүмкіндігін бағалайтын, міндетін түсінетін жас – қоғамның белсенді мүшесіне айналады. Осы жағынан алғанда «Жастар және заң мен тәртіп» атты облыстық «Жайдарман» ойыны – жай ғана көңіл көтеретін сайыс емес. Ол жастардың қоғамға деген көзқарасын, азаматтық позициясын шығармашылық арқылы білдіретін алаң болды. Ең бастысы, заңды құрметтеу ұғымын жастардың өз тілімен жеткізуге мүмкіндік берді. Қоғамда заң мен тәртіп орнықсын десек, бұл құндылықтарды тек мінберден айтумен шектелмей, жастардың күнделікті өмірімен байланыстыруымыз қажет. Ал әзіл арқылы айтылған ой кейде ұзақ насихаттан да әсерлі болуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі «Жайдарман» сахнасындағы күлкі – жай көңіл көтеру емес, қоғамға ой салатын күлкі. Оның астарында заңды құрметтеу, жауапкершілікті сезіну және ел болашағына бейжай қарамау идеясы жатыр.
2026-08-09

