12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауданның белсенді жастарымен еркін форматта кездесті. Ашық әңгіме форматында өткен басқосу жастардың қоғамдағы орны мен олардың бастамаларын қолдау мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Кездесуде аудан басшысы жастарды мерекемен құттықтап, өңірде жастар саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі жас буын – елдің жаңаруы мен дамуының негізгі қозғаушы күші. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, еңбек етуіне, кәсіп бастауына және өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы жастардың болашағы үшін терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық секілді үш маңызды құндылықты атап өткен болатын. Бұл ұстанымдар қазіргі қоғамда белсенді, білімді әрі жауапкершілігі жоғары азамат қалыптастырудың негізгі тірегіне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың тек мемлекеттік қолдауды алушы ғана емес, туған жердің дамуына өз үлесін қосатын белсенді күш болуы маңызды. Еркін форматтағы кездесудің ерекшелігі де осында. Жастар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін тікелей аудан басшысына жеткізді. Әкім олардың сауалдарына жауап беріп, бастамаларын тыңдады. Мұндай ашық диалог жергілікті билік пен жас буын арасындағы байланысты нығайтып, жастардың қоғамдық мәселелерге араласуына мүмкіндік береді. Бүгінде ауданда 14 пен 35 жас аралығындағы 10 735 жас бар. Бұл аудан халқының 30,2 пайызын құрайды. Яғни тұрғындардың үштен біріне жуық бөлігін қамтитын жастардың белсенділігі ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары жастардың азаматтық белсенділігінің артып келе жатқаны да байқалады. Соның бір көрінісі – аудандық жастар ресурстық орталығы жанындағы «Жалынды жас» еріктілер клубының жұмысы. Клуб мүшелері қоғамдық және қайырымдылық шараларға қатысып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету бағытында нақты істер атқарып келеді. Еріктілік қозғалысының дамуы жастар арасында жауапкершілік пен жанашырлық құндылықтарының орнығып келе жатқанын көрсетеді. Себебі елжандылық тек сөзбен емес, нақты іспен көрінеді. Туған жердің тазалығына үлес қосу, мұқтаж жанға қол ұшын беру, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысу – азаматтық ұстанымның айқын көрінісі. Кездесу соңында белсенді жастар облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – жастар еңбегін бағалаудың ғана емес, қоғамдық белсенділікті ынталандырудың да бір тетігі. Жалпы, жастармен еркін форматта өткен кездесу олардың ұсынысын тыңдап, мәселесін талқылаумен ғана шектелмей, жас буынның қоғамдағы рөлін айқындай түскен маңызды алаң болды. Білімді, еңбекқор, отаншыл әрі белсенді жастарға мүмкіндік берілген жерде елдің де болашағы берік болмақ. Аудан жастарының әлеуетін дұрыс бағыттап, олардың тың бастамаларына қолдау көрсету – туған жердің дамуына салынған маңызды инвестиция.

БӨЛІСУ