Қызылордада ұлы ақынның мұрасы мен «толық адам» тағылымы кеңінен дәріптелді.

Абайды ұлықтау – бір күндік мерекелік шарамен немесе ескерткішіне гүл қоюмен шектелмейтін рухани міндет. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына үңілген сайын оның бір жарым ғасыр бұрын айтқан ойларының бүгінгі қоғаммен үндесіп жатқанын көреміз. Білім, еңбек, ғылым, адамгершілік, ар-ұят, ел бірлігі секілді құндылықтардың мәні уақыт өткен сайын әлсіреген жоқ, керісінше, қоғам өзгерген сайын маңызы арта түсті.

Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы және композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толды. Осы атаулы күнге орай Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің алаңында ұлы ақын ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.

Руханиятқа тағзым еткен шараға облыс басшылығы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Абайдың ескерткішіне гүл қоюдың символдық мәні бар. Бұл – ұлы тұлғаның есімін құрметтеу ғана емес, оның халқына қалдырған рухани аманатына қайта үңілу. Өйткені Абайдың мұрасы өткен дәуірдің әдеби ескерткіші емес, бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне жауап іздеуге мүмкіндік беретін ойлар жүйесі.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай өз сөзінде осы мәселеге назар аударып, Абайдың білім мен ғылымды, еңбек пен адамгершілікті, ел бірлігі мен жауапкершілікті басты құндылық ретінде дәріптегенін атап өтті.

Абай өз заманындағы қоғамның кемшіліктерін сынаумен ғана шектелген жоқ. Оның шығармаларындағы негізгі ерекшелік – мәселені көрсетіп қана қоймай, одан шығудың жолын ұсынуы. Ақын халықты жалқаулықтан, надандықтан, бақталастықтан арылып, білімге, ғылымға, еңбекке және өзін-өзі жетілдіруге шақырды.

Бүгінгі күні технология дамып, ақпарат ағыны күшейгенімен, адамды кемелдікке жеткізетін негізгі құндылықтар өзгерген жоқ. Білімді болу, еңбектену, жауапкершілік алу, айналасына құрметпен қарау – кез келген қоғамның тұрақты дамуының негізі. Осы тұрғыдан алғанда Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті бүгінгі жас ұрпаққа да тікелей бағытталғандай.

Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы Абай мұрасының қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойдағы орнын сөз етіп, оның шығармаларындағы екі маңызды мәселеге ерекше тоқталды. Оның бірі – Абай ойларының жалпыадамзаттық сипаты.

Абай қазақ қоғамының мәселелерін көтере отырып, адамзатқа ортақ құндылықтарды да алдыңғы орынға шығарды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі – соның дәлелі. Бұл ой қазіргі әлемдегі өзара түсіністік, бейбітшілік пен ізгілік мәселелерімен де үндеседі.

Екінші маңызды ұғым – «толық адам». Абай шығармашылығындағы бұл тұжырым бүгінгі таңда да өзекті. Себебі толық адам дегеніміз тек білімді немесе материалдық тұрғыдан жетістікке жеткен адам емес. Ол – білім мен ғылымды меңгерген, еңбекке бейім, ар-ұятты жоғары қоятын, адамгершілік пен ізгілікті бойына сіңірген тұлға.

Абайдың адам туралы философиясының құндылығы да осында. Ол адамды сыртқы жетістікпен емес, ішкі сапасымен бағалауға үндейді. Бүгінгі қоғамда кәсіби біліктілікпен қатар жауапкершілік, мәдениет, адалдық пен адамдық қасиеттердің маңызы артып отырған кезде бұл ұстанымның өзектілігі айқын сезіледі.

Абай күнінің кейінгі жылдары білім беру ұйымдарында кеңінен аталып өтуі де осы рухани сабақтастықты күшейтуге бағытталған. Дегенмен Абайды жас ұрпаққа танытудың ең тиімді жолы – оның есімін жаттатудан бұрын, шығармаларындағы ойды түсіндіру. Абайдың қара сөздерін оқу, өлеңдерінің мәніне үңілу, ондағы адамдық өлшемдерді күнделікті өмірмен байланыстыру – ұлы ақын мұрасын шынайы насихаттаудың жолы.

Қызылордадағы шараның мазмұны да осы бағытта өрбіді. Гүл қою рәсімінен кейін Абай шығармашылығы өнер арқылы дәріптеліп, «Желсіз түнде жарық-ай», «Өзгеге көңілім тоярсың» әндері орындалды. Ақынның қара сөздерінен үзінділер оқылды.

Ал жас өрендердің Абай өлеңдерін мәнерлеп оқуы шараның ең маңызды тұстарының біріне айналды. Өйткені Абай мұрасының өміршеңдігін дәлелдейтін ең басты көрсеткіш – оның шығармаларының бүгінгі ұрпаққа жетуі ғана емес, жас буынның сол шығармадан өзіне қажетті ой таба білуі.

Абайды ұлықтау – өткенге тағзым. Бірақ одан да маңыздысы – Абай айтқан құндылықтарды бүгінгі күннің өлшеміне айналдыру. Білімге ұмтылу, адал еңбек ету, ғылымды қадірлеу, адамды құрметтеу, елге жауапкершілікпен қарау – ұлы ақынның ғасырлардан жеткен аманаты.

Сондықтан Абайдың ескерткішіне қойылған әр гүл – ұлы тұлғаға көрсетілген құрметтің белгісі ғана емес, оның мұрасын ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізуге деген жауапкершіліктің де нышаны.

Абайдың сөзі ескірмейді. Өйткені ол уақытша мәселелерді емес, адам болудың мәнін айтты. Ал адамдықтың өлшемі өзгермейді.

БӨЛІСУ