Қызылорда облысында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне арналған іс-шаралар легі бастау алды. Биылғы ерекшелік – мерекелік апталықтың тек мәдени-көпшілік бағдарламалармен шектелмей, жастардың құқықтық сауатын арттыруға, азаматтық белсенділігін күшейтуге және қоғамдық өмірге қатысуын кеңейтуге бағытталуында.
Қорқыт ата мемориалды аллеясында өткен кездесуде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов алдағы күндері өтетін шаралардың мазмұны мен маңызына тоқталды. Оның айтуынша, биылғы бағдарлама Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуімен және алда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауымен сабақтастырылған. Бұл – жастардың елдегі саяси-қоғамдық үдерістерге бейжай қарамай, өз жауапкершілігін сезінуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Соңғы жылдары жастар саясаты ойын-сауық форматынан гөрі білім, құқықтық мәдениет және әлеуметтік белсенділік бағыттарына басымдық бере бастады. Қызылордадағы апталық бағдарламасы да осы үрдісті айқын көрсетеді. Абай күніне арналған әдеби кештер, «Оқы. Ойлан. Өзгер.» акциясы, «100 минут оқу» челленджі жастар арасында кітап оқу мәдениетін жаңғыртуға бағытталса, цифрлық сауаттылық бойынша кездесулер заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Бағдарламада экологиялық және волонтерлік акциялардың қамтылуы да назар аудартады. Бұл жастардың тек өз болашағына ғана емес, қоғам мен қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар өңірде ұйымдастырылатын бірыңғай жастар алаңдарында білім алу, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік бастау және мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңестер беріледі. Мұндай тәжірибе жастардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған тиімді алаңға айналуы мүмкін.
Бүгінде елімізде жастардың қоғамдағы рөлін күшейту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Сондықтан мерекелік апталықтың мазмұны жастарды тек құттықтаумен шектелмей, олардың білімін, бастамашылдығын және азаматтық ұстанымын дамытуға негізделуі маңызды.
Белсенді, білімді әрі жауапты жас буын – кез келген мемлекеттің ең үлкен стратегиялық капиталы. Қызылорда облысында басталған іс-шаралар легі осы мақсатқа қызмет етіп, жастардың ел дамуына қосар үлесін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.

