Қызылорда облысында «Таза Қазақстан – таза болашақ» экологиялық акциясы өтті.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Шиелі ауданындағы Ы.Жақаев атындағы саябақта «Таза Қазақстан – таза болашақ» тақырыбымен кең ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды.

Шараға аудан жастары белсенді қатысып, саябақ аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сонымен қатар, демалыс орнының айналасы ретке келтіріліп, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Осылайша жастар қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.

Акцияның ашылуында Шиелі ауданының Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов сөз сөйлеп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол табиғатты аялау мен тазалықты сақтау әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айтып, жастарды республикалық «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысуға шақырды.

Шара соңында қатысушылар тазалықты сақтау тек сенбіліктермен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ ауданның көркеюіне, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға әрдайым атсалысуға дайын екендіктерін білдірді.

Экологиялық акцияның басты мақсаты – жастар арасында табиғатқа жанашырлық көзқарасты қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мәдениетін нығайту және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Таза табиғат – келер ұрпаққа қалдырар ең қымбат мұра. Сондықтан туған жердің тазалығы әр азаматтың күнделікті ісінен басталады.

БӨЛІСУ