Су – тіршіліктің қайнар көзі ғана емес, экономиканың, ауыл шаруашылығының және өңірлердің тұрақты дамуының стратегиялық ресурсы. Әсіресе егіншілікке негізделген Қызылорда облысы үшін Сырдария өзенінің суы мен Арал-Сырдария бассейнінің жағдайы ерекше маңызға ие. Сондықтан су қорын ұтымды пайдалану, заңсыз су алудың алдын алу, су үнемдеу технологияларын енгізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналып отыр.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов жан-жақты баяндады. Спикердің айтуынша, бассейндегі су шаруашылығының қазіргі жағдайы тұрақты бақылауда және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Су лимиті толық жоспарланды

Баспасөз мәслихатында биылғы суару маусымына дайындық пен су ресурстарын бөлу мәселесіне ерекше тоқталды. Зейнулла Қазтоғановтың мәліметінше, 2026 жылға арналған тұрақты суару лимиті Арал-Сырдария бассейні бойынша 7 миллиард 103 миллион текше метр көлемінде бекітілген. Оның ішінде Қызылорда облысына 3 миллиард 270 миллион текше метр су бөлінген.

Бұл көлем өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Соның нәтижесінде облыста жоспарланған 185,8 мың гектар егіс алқабы толық игеріліп, ауыл шаруашылығы дақылдары белгіленген мерзімде егілді. Оның ішінде Сыр өңірінің негізгі дақылы саналатын 70 мың гектар күріш алқабы толық суға бастырылды.

Спикердің айтуынша, суару маусымының қалыпты өтуі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан су бөлу кестесі күнделікті бақылауда ұсталып, шаруашылықтармен тұрақты байланыс орнатылған.

Су пайдалануда заң талаптары күшейтілді

Су ресурстарын тиімді басқарудағы маңызды бағыттардың бірі – су пайдалану тәртібін заң талаптарына сәйкестендіру. Осы мақсатта биыл күшіне енген жаңа Су кодексінің талаптарын түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде.

Инспекция басшысы заңсыз су пайдалану фактілерінің алдын алу және судың «қара нарығын» жою бағытындағы жұмыстардың күшейтілгенін атап өтті.

– Жыл басынан бері инспекция тарапынан 80 тексеру жүргізілді. Тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды. Су ресурстарын заңсыз пайдалану мемлекетке ғана емес, өзге су пайдаланушылардың да құқықтарына зиянын тигізеді. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады, – деді Зейнулла Молдағалиұлы.

Мамандардың айтуынша, су ресурстарының әділ әрі тиімді бөлінуі ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақтылықтың негізгі кепілі саналады. Осыған байланысты әрбір су пайдаланушы заң талаптарын сақтап, белгіленген лимит аясында ғана су тұтынуы қажет.

Су үнемдеу – болашаққа салынған инвестиция

Климаттың өзгеруі мен су тапшылығының артуы жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу ерекше өзектілікке ие. Сондықтан өңірде ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу әдістерін қолдану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Баспасөз конференциясында айтылғандай, биыл бұл бағыттағы жоспарланған көрсеткіштер толық орындалып қана қоймай, межеден асыра орындалған. Нәтижесінде 13,7 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиялары енгізілді.

Бұл технологиялар судың ысырап болуын азайтып, егістікті тиімді суаруға, өнімділікті арттыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға оң әсерін тигізеді.

Экологиялық мәдениет қалыптастыру – ортақ міндет

Спикердің айтуынша, су ресурстарын қорғау тек мемлекеттік бақылаумен ғана шектелмеуі тиіс. Бұл бағытта халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың да маңызы зор.

Осы мақсатта инспекция мамандары тұрғындар арасында «Суды үнемде – болашақты сақта!» және «Судың қара нарығына жол жоқ!» тақырыптарында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

Кездесулер барысында азаматтарға су ресурстарының маңызы, суды үнемдеудің тиімді жолдары, су заңнамасының талаптары және заңсыз су пайдаланудың жауапкершілігі жөнінде жан-жақты ақпарат берілуде.

«Мөлдір бұлақ» – табиғатты қорғауға бағытталған игі бастама

Экологиялық жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы шаралар.

Соның ішінде ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы арқылы өзен-көлдер мен су арналарының жағалауларында тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Акция барысында жастар, еріктілер және белсенді тұрғындар табиғи су көздерін қоқыстан тазалап, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосуда.

Мамандардың пікірінше, мұндай акциялар табиғатты қорғауға ғана емес, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жерге деген жанашырлық сезімін арттыруға да ықпал етеді.

Су қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Бүгінде су мәселесі тек Қызылорда облысы үшін емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызға ие. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану, су нысандарын қорғау, заңсыз су пайдалануға жол бермеу және әрбір тұрғынның суға ұқыпты қарауы – тұрақты дамудың басты шарттарының бірі.

Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы жүзеге асырып жатқан бақылау, түсіндіру және экологиялық жұмыстар осы мақсатқа бағытталған. Су қорын тиімді басқару, заманауи технологияларды енгізу және халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру арқылы ғана өңірдің су қауіпсіздігін сақтап, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге болады.

БӨЛІСУ