Қызылорда қаласында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағытта Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен қалалық әкімдік қызметкерлері бірлесіп, кешенді іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруда.
Аталған шаралар аясында Сырдария өзені және қала аумағындағы өзге де су айдындарының қауіпті учаскелерінде күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Рейд барысында демалушыларға суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіптілігі туралы ескертулер беріледі. Сонымен қатар, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау қажеттілігі ерекше атап өтілуде.
Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан, сонымен қатар мас күйде суға түсуден және рұқсат етілмеген орындарды таңдаудан орын алады. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстары тек рейдпен шектелмей, ақпараттық парақшалар тарату, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа кеңінен жеткізілуде.
Бұдан бөлек, су айдындарының маңында ескерту белгілерін орнату, қауіпті учаскелерді белгілеу және құтқару қызметтерінің дайындық деңгейін арттыру бағытында да жұмыстар күшейтілген. Қажет болған жағдайда жедел әрекет ету үшін арнайы техника мен құтқарушылар тәулік бойы дайындықта тұр.
Жүргізіліп жатқан бұл кешенді шаралар тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, судағы тәртіпті күшейтуге және ең бастысы — адам өмірін сақтап қалуға бағытталған.
Қала тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу қажеттігін ескертеміз. Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың амандығы – өз қолыңызда.
