16 сәуір күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті. Басқосуда Австриялық аграрлық кластердің (Austrian Agricultural Cluster – AAC) вице-президенті Х. Визер мен елшілік өкілдері өңірдің аграрлық әлеуетін арттыру бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында австриялық тарап Қазақстанға заманауи еуропалық технологияларды енгізу, фермерлерді оқыту бағдарламаларын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің озық әдістерін қолдану жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Бұл бастамалар, ең алдымен, ішкі нарықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жергілікті өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, салалық сарапшылардан нақты әрі жан-жақты жауап алды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер мен шетелдік серіктестер арасындағы ашық диалог пен тәжірибе алмасуға жол ашты.
Кездесуді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының м.а Д. Абизов жүргізіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі ахуалы, даму мүмкіндіктері мен басым бағыттары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, жиынға палата қызметкерлері мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері қатысып, саланың дамуына қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, бастамаларды жүзеге асыру жолдарын бірлесе талқылады.
