Бүгін “Руханият” орталығында қазақ поэзиясының сыршыл өкілі, лирик ақын Қатира Сыздыққызы Жәленованың 75 жас мерейтойына арналған «ӘДЕБИЕТ ПЕН СЕЗІМНІҢ ТОҒЫСУЫ» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз сөйлеп, аудан әкімі атынан мерейтой иесіне ізгі лебізін жеткізіп, арнайы құттықтау хатын табыстады. Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде Қатира Жәленованың қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесін, оның шығармаларындағы терең лиризм мен адам жанының нәзік иірімдерін ерекше атап өтті.
Кеш сұхбат форматында өрбіді. Кездесу барысында елінің еркесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Қатира Сыздыққызының өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен әңгімеленді. Ақынның жүрек тербетер жырлары оқылып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар, аудан өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, әдеби-сазды кештің мазмұнын тереңдете түсті. Тағылымды басқосу рухани әсерге толы болып, қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды.
