2025 жылы Қазалы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар табысты жүзеге асырылды. Жоба шеңберінде ауылдардың инженерлік желілері жаңартылып, әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөндеуден өтті.

Атап айтқанда, Қожабақы ауылында электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Жалпы құны 442,8 млн теңгені құрайтын бұл жоба ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығында орналасқан тұрғын үйлер мен нысандардың электр қуатына деген сұранысын арттыру мақсатында жаңа қосалқы станса құрылысы басталды. Бұл жобаға 2025 жылға республикалық бюджеттен 378,2 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жоба құны – 1 млрд 417 млн теңге. Жоба толық іске қосылған кезде өңірдегі электрмен қамту сапасы айтарлықтай жақсарады.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеуге 776,7 млн теңге бөлініп, нәтижесінде 14 көше жаңартылды, оның ішінде Әйтеке би кентінде – 11 көше, Басықара ауылында – 1 көше, Жалаңтөс батыр ауылында – 2 көше жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар тұрғындардың қатынау қолайлылығын арттырып, ауыл ішіндегі қозғалысты жеңілдетті.

Әлеуметтік нысандар құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Майдакөл ауылында 100 орындық жаңа клубтың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бекарыстан би ауылында заманауи спорт кешені ел игілігіне табысталса, Әйтеке би кентіндегі «Қазалы мәдени-демалыс кешені» мен Қожабақы ауылында спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының мәдени-спорттық өмірін жандандырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.

Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Жоба аясында Әйтеке би кентіндегі «Болат жолы» дәрігерлік амбулаториясына және Бекарыстан би ауылындағы амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы құны 185,2 млн теңгені құрайтын бұл жұмыстар медициналық қызмет сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жалпы алғанда, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы Қазалы ауданында ауылдардың инфрақұрылымын жаңғыртып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға нақты үлес қосты.

БӨЛІСУ