Қала аумағындағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2026 жылдың 18 сәуірінен бастап Сағымбаев көшесінде ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстары С.Торайғыров көшесінен Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды.
Осыған байланысты, көрсетілген аумақта автокөлік қозғалысы уақытша толықтай тоқтатылатынын хабарлаймыз. Жол жөндеу жұмыстары кезеңінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, уақытша енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарау сұралады.
Сонымен қатар, аталған өзгерістер қоғамдық көлік қозғалысына да әсерін тигізуде. Қалаішілік №3 және №24 бағыттағы автобустардың қозғалыс сызбасына уақытша өзгерістер енгізілді.
№3 бағыттағы автобус бұрынғы бағытына өзгеріс енгізіп, Қорқыт ата көшесі арқылы Кеңесары көшесіне түсіп, одан әрі С.Торайғыров көшесімен қозғалысын жалғастыратын болады.
№24 бағыттағы автобус Әл-Фараби көшесінен Асфендияров көшесіне бұрылып, кейін С.Торайғыров көшесі арқылы өз бағытын жалғастырады.
Жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары жол сапасын жақсартып қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, балама бағыттарды алдын ала жоспарлауды сұраймыз.
