Бүгінгі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтіп, инклюзивті саясатты іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Инклюзивті саясаттың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, мүгедектікті белгілеу рәсімдерін цифрландыру және қолжетімді кедергісіз орта құру бүгінгі таңдағы басты мәселенің бірі. Бұл бағытта қалада жүйелі жұмыстар жүргізіліп, мүгедектігі бар адамдарды қоғам өмірінің барлық салаларына ықпалдастыру бағдарланып келеді.
– Инклюзивті саясатты іске асыру тұжырымдамасындағы кешенді шаралар сапалы орындалуы керек. Сондықтан барлық жұмыстарды ашық әрі объективті түрде үйлестіріп, ақпараттық деректер базаларын интеграциялау бойынша тиянақты қызмет жасау қажет, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Айта кету керек, инклюзивті саясатты іске асыру тұжырымдамасы – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, оларды әлеуметтендіруге және білім беру, жұмыспен қамту ортасына тең құқылы қатысуына бағытталған 52-ден астам кешенді шараларды қамтиды. Бұл тұжырымдама білім беруді, мүгедектікке қатысты медициналық – әлеуметтік модельден әлеуметтік – құқықтық қорғау моделіне көшуді көздейді.

БӨЛІСУ