Қызылорда облысында құқықтық тәртіпті нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және полиция қызметінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте облыстық Полиция департаментінде өткен Жедел кеңес – атқарылған істерді саралап, алдағы міндеттерді айқындаған маңызды алаң болды.

Жиынды Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Жүрсінбайұлы Ергешов жүргізіп, 2026 жылдың І тоқсанындағы жұмыс қорытындылары жан-жақты талқыланды. Кеңеске департамент басшылығы, басқарма жетекшілері, қала және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ жеке құрам қатысты.

Кеңес барысында өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі кеңінен сараланып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері талданды. Әсіресе құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың ашылу деңгейін арттыру, тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін күшейту мәселелері басты назарға алынды.

Жалпы, жүргізілген жүйелі жұмыстар мен қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өңірде бірқатар қылмыс түрлері бойынша төмендеу динамикасы байқалды. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар, бөтеннің мүлкін ұрлау, пәтер ұрлығы, ұялы телефон ұрлығы, мал ұрлығы және алаяқтық деректерінің азаюы тіркелген. Бұл – профилактикалық жұмыстардың тиімділігін көрсететін нақты көрсеткіш.

Сонымен қатар қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтар саны да едәуір қысқарған. Мұндай оң өзгерістер полиция қызметкерлерінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіруінің нәтижесі екені атап өтілді.

Жиында жол қауіпсіздігі мәселелері де кеңінен қаралды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің тәртібін бақылау, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, бұл бағыттағы профилактикалық іс-шараларды одан әрі күшейту қажеттігі айтылды. Әсіресе халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Кеңес барысында жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуы да назардан тыс қалмады. Полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, қызметтік тәртіпті күшейту, заң талаптарын қатаң сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста әдеп нормаларын ұстану – басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл ретте әрбір құқық бұзушылық фактісіне дер кезінде әрекет ету, оған принципті баға беру және жауапкершіліктен жалтармау талап етілді.

Департамент бастығы өз сөзінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек жедел әрекетпен шектелмейтінін, оның негізінде жүйелі профилактика, халықпен тығыз байланыс және ашықтық қағидаттары жатуы тиіс екенін атап өтті.

– Жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның жолын кесу – біздің басты назарымызда. Бұл бағыттағы жұмыстар тек бақылау немесе жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Ол – тәрбиелік және құқықтық тетіктерді біріктіретін кешенді жұмыс. Осындай жүйелі тәсіл ғана полиция қызметінің тиімділігін арттырып, қоғам сенімін нығайтады. Қазіргі полицияның негізгі міндеті – қолжетімділік пен ашықтықты арттырып, тұрғындармен кері байланысты күшейту, – деді Серік Ергешов.

Сондай-ақ жиында жуырда өткен Ішкі істер министрлігінің Алқа отырысында қойылған негізгі міндеттер мен тапсырмалар да назарға алынды. Департамент бастығы аталған талаптарды барлық құрылымдық бөлімшелер мен жеке құрамға жеткізіп, құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Кеңес қорытындысында «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның барлық саласында орнықтыру – негізгі басымдықтардың бірі екені атап өтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Жалпы, өткен Жедел кеңес – құқық қорғау саласындағы жұмысты жетілдіруге, қызмет тиімділігін арттыруға және ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жиын болды. «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстану – тұрақты қоғам мен сенімді болашақтың кепілі екені тағы бір мәрте айқындалды.

БӨЛІСУ