Қызылорда өңірінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында арнайы қызметтердің қатысуымен кең ауқымды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған кездесуді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, облыстық Полиция департаменті және Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп өткізді. Іс-шараға есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, сондай-ақ арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Жалпы саны 300-ге жуық жас қамтылды.
Кездесу барысында жастарға қазіргі қоғамда кең таралып отырған синтетикалық есірткілердің зияны жан-жақты түсіндірілді. Мамандар есірткінің адам денсаулығына ғана емес, оның психологиялық жағдайына, әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсерлерін нақты мысалдар арқылы жеткізді. Әсіресе жасөспірімдердің есірткінің заңсыз айналымына тартылуының құқықтық салдарына ерекше назар аударылды.
Жиында есірткіні таратуға байланысты заманауи тәсілдер, атап айтқанда «жасыру орындарын» ұйымдастыру, интернет арқылы сайт атаулары бар парақшаларды тарату, қабырғаларға граффити арқылы жарнама жасау сияқты құқыққа қайшы әрекеттердің жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді. Мұндай әрекеттердің барлығы заң алдында қатаң жазаланатыны айтылып, әрбір жас азаматтың өз болашағына жауапкершілікпен қарауы керектігі ескертілді.
Іс-шараға қатысқан «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалының еріктілері де белсенділік танытты. Олар қатысушыларға арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар таратып, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл бастама жастардың ақпараттану деңгейін арттыруға және зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етті.
Кездесу барысында «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Баймурза Әсетхан Қазиханұлы және Қызылорда қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Жорабек Медет Ерданұлы сөз сөйлеп, жастарды заң талаптарын сақтауға, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Олар өз сөздерінде бүгінгі таңда жастардың дұрыс таңдау жасауы – ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар іс-шара аясында арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетіліп, есірткінің зияны мен оның салдары көрнекі түрде жеткізілді. Көрсетілімдер қатысушыларға терең ой салып, зиянды әдеттерден сақтанудың маңызын тағы бір мәрте ұғындырды.
