Атырау облысында екі адамның өліміне күдікті ретінде халықаралық іздеуге жарияланған Сұлтан Сәрсемәлиев Индонезияда қолға түсті. Бұл туралы Ertenmedia.kz жазды.

Күдікті Ломбок аралының солтүстігіндегі Сенару ауылындағы қонақүйде ұсталған. Арнайы операция 24 ақпанда Интерполдың «қызыл бюллетені» және Атырау қалалық сотының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы негізінде жүргізілген.

Солтүстік Ломбок полициясының бастығы Агус Пурванта Интерполдан түскен ақпараттың мән-жайы ауыр екенін айтып, Индонезия халықаралық іздеудегі қылмыскерлер паналайтын мекенге айналмауы тиіс екенін мәлімдеген.

Полиция дерегінше, құқық қорғаушылар қонақүйге кірген сәтте Сәрсемәлиев қашуға әрекет жасаған. Алайда жедел топ оны көп ұзатпай ұстаған.

Оқиға орнында Қазақстанның тағы бір азаматы – 30 жастағы әйел де қолға түсті. Бұған дейін оның қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы екені хабарланған. Тергеушілер ұсталғандардың жеке құжаттарын, паспорттарын, халықаралық банк карталарын және ұялы телефондарын тәркілеген.

Қазір күдікті Солтүстік Ломбок полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында отыр. Оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі тиісті ведомстволар арасында қарастырылып жатыр.

БӨЛІСУ