Қармақшы ауданында жолаушыларға қызмет көрсететін маңызды нысан – «Төретам» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтай депутаттары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Салтанатты жиында аймақ басшысы теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Сыр өңірі көлік дәліздері тоғысқан маңызды аймақ саналады. Облыс аумағы арқылы 15 жолаушылар пойызы қатынап, Қызылордадан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан бағыттарына теміржол қатынасы жүзеге асырылады.
«Төретам» теміржол вокзалының тарихы Байқоңыр ғарыш айлағының қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Станция арқылы ғарыш айлағының құрылысына қажетті материалдар, жабдықтар мен өзге де жүктер тасымалданған.
Жаңғырту жұмыстары барысында вокзал ғимаратының қасбеті мен іргетасы қапталып, шатыр жабыны, есік-терезелері толық ауыстырылды. Электр желілері жаңартылып, жылу жүйесі жүргізілді. Нысан заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды.
Вокзалда жолаушыларға арналған күту залы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы жолаушыларға арналған арнайы бөлмелер, медициналық пункт қарастырылған. Жаңғыртылған нысан тәулігіне 250 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы.
Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Ашылу рәсімінде теміржол саласының және мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.