Қармақшының тарихы теміржолмен тамырлас. Жосалы кентінің қалыптасуында ғасырдан астам уақыт бұрын бой көтерген теміржол станциясының орны бөлек. Бүгінде сол тарихи нысан жаңғыртылып, жаңа сипатта қайта пайдалануға берілді. Бұл – жай ғана ғимаратты жөндеу емес, өңір тарихының бір бөлшегін сақтай отырып, оны қазіргі талапқа бейімдеу.
Қайта жаңғыртылған «Жосалы» теміржол вокзалының ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Жосалы станциясының тарихы 1905 жылдан басталады. Ол сол кезеңде Орынбор–Ташкент теміржол магистралінің бойындағы маңызды бекеттердің біріне айналды. Теміржолдың келуі Жосалының экономикалық және әкімшілік орталық ретінде қалыптасуына ықпал етті. Жүк пен жолаушы тасымалы жолға қойылып, станция маңында теміржолшыларға арналған үйлер, шеберханалар мен қызметтік ғимараттар бой көтерді. Осылайша Жосалы біртіндеп теміржолшылардың өзіндік қалашығына айналды.
Ғасырдан астам уақыт ішінде вокзал талай буынның жолын шығарып, талай жолаушыны қарсы алды. Сондықтан бұл ғимараттың тарихы бір ғана нысанның шежіресі емес, тұтас ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен сабақтас.
Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы да нысанның тарихи маңызына тоқталып, ғасырдан астам уақыт бойы жолаушылар мен теміржолшыларға қызмет еткен ғимараттың жаңғыртылуын өткен мен бүгінді жалғаған маңызды қадам ретінде бағалады.
Бұған дейін соңғы рет 2012 жылы жөндеуден өткен вокзал бүгінде толық жаңғыртудан өтті. Жобаға 986 млн теңге қаржы қарастырылған. Аумағы 674,6 шаршы метр ғимарат тәулігіне 200 жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңғырту барысында ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, шатыр жабындысы, есік-терезелері жаңартылды. Электр желілері мен жылу жүйесі қайта жасалып, перрон аумағы абаттандырылды. Яғни жұмыс тек сыртқы келбетті жаңартумен шектелмей, вокзалдың инженерлік инфрақұрылымын да қазіргі талапқа сәйкестендіруге бағытталған.
Ең маңыздысы – вокзалдың ішкі кеңістігі жолаушыға ыңғайлы болатындай ұйымдастырылған. Мұнда күту залы, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау орны және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлме бар. Бұл қызметтердің бір ғимаратта қарастырылуы вокзалдың тек пойыз күтіп отыратын орын емес, жолаушыға қажетті негізгі жағдайлар жинақталған заманауи нысанға айналғанын көрсетеді.
Әсіресе ана мен балаға арналған бөлменің болуы – бүгінгі қоғамдық инфрақұрылымға қойылатын талаптың өзгергенін аңғартады. Бұрын теміржол вокзалының басты міндеті жолаушыны қабылдау мен шығарып салу болса, қазіргі вокзалдың өлшемі бұдан кең. Мұнда қауіпсіздік, қолжетімділік, санитарлық жағдай және әртүрлі санаттағы жолаушыларға қолайлылық қатар ескеріледі.
Жосалы вокзалының жаңаруы Қармақшы ауданы үшін де маңызды. Өйткені теміржол – ауданның көлік қатынасындағы негізгі бағыттардың бірі. Жаңарған вокзал жергілікті тұрғындармен қатар, ауданға келетін қонақтардың да алғашқы әсерін қалыптастыратын нысан. Осы тұрғыдан алғанда тарихи ғимараттың сақталып, заманауи талапқа сай қайта жасақталуы Жосалының келбетіне де оң өзгеріс әкеледі.
Салтанатты шара барысында теміржол саласының және жаңғырту жұмыстарын атқарған мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Асқар Мереков ақ батасын берді.
Жалпы, ғасырдан астам тарихы бар «Жосалы» вокзалының қайта жаңғыруы – тарихи мұраны сақтай отырып, қоғамдық нысандарды бүгінгі күн талабына бейімдеудің бір көрінісі. Бір ғасыр бұрын теміржолмен бірге қалыптасқан ғимарат енді жаңа келбетпен келесі буын жолаушыларына қызмет көрсететін болады. Тарих сақталды, ал оның тынысы жаңарды.