Дала төсіне дән себіп, жаз бойы маңдай терін төккен диқан үшін орақ науқаны – жылдың ең жауапты әрі ең мерейлі кезеңі. Көктемгі еңбектің өтеуі көрінетін, әрбір масақтың салмағы өлшенетін шақ. Ел ырысын еселеген еңбек иелері үшін бұл – маңдай тердің берекеге айналар сәті.
Осы айтулы кезеңнің басталуына орай Ақжар ауылында 2026 жылғы егін жинау науқанына арналған «Алғашқы орақ – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Берекелі науқанның алғашқы қадамы жасалып, дала еңбеккерлеріне ақжолтай тілектер айтылды. 
Жиында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, диқандарды жаңа науқанның басталуымен құттықтады.
«Егін егу – үлкен еңбек болса, оны ысырапсыз жинап алу – одан да үлкен жауапкершілік. Алдымызда аса маңызды егін жинау науқаны тұр. Осы кезеңде барлық шаруашылықтар мен жауапты мекемелер ұйымшылдық танытып, техникалардың дайындығына, еңбек қауіпсіздігіне және жиналған өнімнің ысырапсыз сақталуына ерекше назар аударуы қажет.
-Құрметті жерлестер! Егін жинау науқаны сәтті өтіп, әрбір шаруашылықтың қамбасы астыққа толсын! Ақ күріштің атасы атанған Сыр елінің мерейі әрдайым үстем болсын! Өніміміз мол, қамбамыз астыққа толы болсын», – деді аудан басшысы.
Биыл аудан бойынша 25 231 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде Сыр өңірінің басты бренді саналатын күріш 11 449 гектар жерге егілді. Су тапшылығы жағдайында тіршілік нәрін тиімді пайдалану мақсатында 600 гектар егістік алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылуда.
Бұл – бүгінгі агросаладағы басты міндеттердің бірі. Өйткені қазір мол өнім алу ғана емес, әр тамшы судың қадірін біліп, жер мен суды тиімді пайдалану да аса маңызды. Диқан еңбегінің нәтижесі егістіктегі өніммен ғана емес, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланумен де өлшенеді.
Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков пен «Ораз Ахун ЛТД» ЖШС директоры Жомарт Жалғасбев ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне ақжарма тілектерін арнап, ел несібесін еселеп жүрген диқан қауымының еңбегіне ризашылықтарын білдірді.
Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, Ақжар ауылының «Ақ әжелер» ансамблі мен аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты. Ақ жаулықты әжелердің ақ батасы беріліп, көптен күткен «Алғашқы орақ» рәсімі салтанатты түрде бастау алды.
Орақтың алғашқы орағы – жай ғана науқанның басталуы емес. Бұл – көктемде жерге себілген дәннің өтеуі, жаз бойғы тынымсыз еңбектің жемісі, елдің несібесі мен ырысының белгісі.
Қазақ үшін жердің берекесі – елдің берекесі. Сондықтан әрбір дәннің амандығы, әрбір гектардың өнімділігі, әрбір шаруашылықтың табысы – тұтас елдің әл-ауқатына әсер ететін маңызды дүние.