Қызылорда облысының білім саласы 2025–2026 оқу жылын жоғары нәтижелермен қорытындылады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша өңір республикада бірінші орынға көтерілсе, Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (ББЖМ) нәтижесінде де үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, 9-сынып оқушыларының көрсеткіші бойынша елімізде ІІ орын, ал 4-сыныптардың нәтижесі бойынша ІІІ орын иеленді.
Бұл – кездейсоқ жетістік емес, соңғы жылдары білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың нақты нәтижесі. Ел Президентінің қолдауы бұл бағыттағы жұмыстардың алға басуына оң ықпалын тигізгені сөзсіз.
Сол кездегі өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, мұғалімдердің кәсіби әлеуетін көтеруге және оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлгені де осы жетістіктердің іргетасы. Жаңа мектептердің салынуы, заманауи кабинеттердің жабдықталуы, цифрлық технологиялардың енгізілуі мен педагогтердің біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар білім сапасының өсуіне тікелей ықпал етті.
Өңірде дарынды балаларды қолдау жүйесі де жаңа деңгейге көтерілді. Олимпиадалар мен ғылыми жобаларға, республикалық және халықаралық білім бәйгелеріне қатысатын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде қызылордалық шәкірттер түрлі деңгейдегі білім додаларында жүлделі орындарға ие болып, аймақтың мерейін үстем етуде.
ҰБТ қорытындысында республика бойынша көш бастау – мектептегі білім сапасының, ұстаздардың кәсіби еңбегі мен оқушылардың табанды ізденісінің айқын көрінісі. Ал ББЖМ нәтижелері бастауыш және негізгі мектеп деңгейінде де білім сапасының тұрақты қалыптасқанын дәлелдейді. Бұл өңірдегі білім беру жүйесінің барлық сатысында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Жетістіктің негізінде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да бар. Білім саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып, жаңа білім ошақтары пайдалануға берілуде. Заманауи оқу құралдары мен зертханалар, цифрлық платформалар, қауіпсіз әрі жайлы мектеп ортасы – мұның барлығы сапалы білім алуға жасалған нақты жағдайлар.
Қызылорда облысының бүгінгі көрсеткіштері – білім беру саласындағы басқару тиімділігінің, педагогтердің қажырлы еңбегінің, ата-аналардың қолдауы мен оқушылардың ізденісінің ортақ жемісі. Бұл жетістіктер өңірдің білім кеңістігіндегі беделін нығайтып қана қоймай, алдағы жылдары да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге берік негіз қалайды.
Білімге салынған инвестиция – елдің болашағына салынған инвестиция. Ал Қызылорда облысының бүгінгі табыстары осы ұстанымның нақты нәтижеге айналғанын айқын көрсетіп отыр.