Халықпен тұрақты кері байланыс орнату – тиімді мемлекеттік басқарудың маңызды тетіктерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың бір көрінісі ретінде Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті рет қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін тыңдады.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі коммуналдық қызмет көрсету сапасы, жер телімін алу тәртібі және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Бұл – қала тұрғындарын күнделікті өмірде көбірек толғандыратын өзекті тақырыптардың қатарында.
Қала әкімі әрбір тұрғынның мәселесіне жеке тоқталып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме берді. Заң аясында шешілуі тиіс мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, бірқатар өтініштердің орындалу мерзімі белгіленді. Бұл көтерілген мәселелердің бақылауда болатынын және олардың кезең-кезеңімен шешімін табуына мүмкіндік жасайтынын көрсетеді.
Жеке қабылдау – азаматтардың өтінішін тыңдап қана қою емес, мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратын маңызды алаң. Мұндай кездесулер барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, олардың шешілу барысы жөнінде нақты ақпарат алады. Ал жергілікті атқарушы орган үшін бұл халықтың сұранысын саралап, шешімді қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі де цифрлық форматқа көшіп, тұрғындар үшін қолжетімді бола түсті. Бүгінде қала әкімінің қабылдауына жазылу үшін бірнеше мүмкіндік қарастырылған. Азаматтар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш беру арқылы қабылдауға тіркеле алады. Бұл мемлекеттік органдардың ашықтығын арттырып, халық пен билік арасындағы байланысты жеңілдетуге ықпал етуде.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында өткізілетін мұндай қабылдаулар тұрғындардың сенімін нығайтып, жергілікті деңгейде туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешуге негіз қалайды. Әрбір өтініштің назардан тыс қалмауы және оның заң талаптарына сәйкес қаралуы – мемлекеттік қызметтің сапасын арттырудың маңызды көрсеткіші.