Қазалы ауданында ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Бұл бағыттағы тағы бір маңызды жоба – Әйтеке би кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің пайдалануға берілуі. Заманауи спорт нысаны өңірде бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және кәсіби спортпен айналысуына жаңа мүмкіндік ашты.
Нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты. Бұған дейін аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер бойынша пікір алмасты. Мұндай кездесулер жергілікті халықтың ұсыныстары мен талап-тілектерін ескеріп, алдағы жұмыстардың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Спорт кешенінің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және бұқаралық спортты кеңінен қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған бұл кешен ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан. Мұнда қазақ күресі, дзюдо, үстел теннисі, волейбол, футбол, гандбол және баскетбол секілді спорт түрлерімен айналысуға толық мүмкіндік бар. Бір күнде 150 спортшыны қабылдайтын кешеннің басты мақсаты – дені сау ұрпақ тәрбиелеу және ел намысын қорғайтын чемпиондарды даярлауға жағдай жасау, – деді аймақ басшысы.
Жаңа спорт кешені – жай ғана ғимарат емес, ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды әлеуметтік орталық. Мұндай нысандар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, құқықбұзушылықтың алдын алуға, балалар мен жасөспірімдердің қабілетін шыңдауға да ықпал етеді.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының спорт шебері, бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Зарина Толыбай мен еңбек ардагері Әлімбай Қасқырбай құттықтау сөз сөйлеп, ел ағасы Самұрат Имандосов ақ батасын берді. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен нысан құрылысын сапалы жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қазалы ауданында спорт саласына көрсетіліп отырған қолдау нақты нәтижесін беріп келеді. Жыл басында Бекарыстан би ауылында да дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылса, бүгінде ауданда спортпен тұрақты айналысатындар саны 35 мыңнан асты. Бұл – халықтың бұқаралық спортқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Спортшылардың жетістіктері де көңіл қуантады. Биылдың өзінде қазалылық спортшылар халықаралық турнирлерде 3 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Ал Қазақстан чемпионаттарында 14 алтын, 19 күміс және 27 қола жүлдені иеленіп, аудан спортының әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді.
Қазалыда пайдалануға беріліп жатқан жаңа спорт нысандары Мемлекет басшысы айқындаған бұқаралық спортты дамыту саясатының нақты көрінісі. Бұл жұмыстар ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын теңестіруге, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға және елдің спорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.