ҚОЖАБАҚЫДА СПОРТҚА ЖАҢА МҮМКІНДІК АШЫЛДЫ

Қазалы ауданының Қожабақы ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің пайдалануға берілуі – ауыл тұрғындары үшін ғана емес, өңірдегі бұқаралық спортты дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ спорт шеберлерін тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды дамытуға қатысты саясаты жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген бұл нысан ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалардың бірі.

– Бұл кешенде бір күнде жүзге жуық адам спортпен тұрақты айналыса алады. Мұнда бокс, грек-рим күресі, волейбол, футбол және баскетбол секілді спорт түрлеріне барлық жағдай жасалған. Ең бастысы – ауыл балалары өз туған жерінде кәсіби деңгейде жаттығып, спорттық қабілеттерін шыңдай алады. Мұндай нысандар бұқаралық спортты дамытуға ғана емес, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге де негіз қалайды, – деді аймақ басшысы.

Расында, ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымының дамуы жастарды салауатты өмір салтына баулудың тиімді жолы. Бұрын спортпен тұрақты айналысу үшін аудан немесе облыс орталығына қатынауға мәжбүр болған ауыл балалары енді заманауи кешенде жаттығу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайтуға бағытталған нақты нәтижелердің бірі.

Салтанатты шара барысында еңбек ардагері Тілек Махамаш құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың әлеуметтік дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбек сіңірген азаматтар мен спорт кешенінің құрылысын сапалы жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен 2022 жылдан бері өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілсе, соның 27-сі – спорт кешені. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионы, Теннис орталығы және Инклюзивті спорт кешені ел игілігіне берілді.

Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері ашылып, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен өңірде 80 спорт және ойын алаңы салынды. Қазіргі таңда облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені мен «Қайсар» футбол клубы академиясының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Қожабақыда ашылған жаңа кешен – осы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы. Мұндай жобалар ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, дені сау, белсенді ұрпақ тәрбиелеуге және елді мекендердің әлеуметтік әлеуетін нығайтуға қызмет етпек.

БӨЛІСУ