АТА-АНАЛАРМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бала қауіпсіздігі – басты назарда: Қызылордада ата-аналармен маңызды кездесу өтті.

Қызылордада жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет алаяқтық пен нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру бағытындағы жұмыстар күшейіп келеді. Соның бір дәлелі – облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және Киберпол басқармалары ұйымдастырған профилактикалық кездесу.

Бұл жолғы басқосу Батыржан Шалғынбаев атындағы №217 ІТ-мектеп-лицейінде өтіп, оған ата-аналар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамда жиі кездесіп жатқан екі үлкен қауіпке, яғни есірткі мен интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Жиында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткінің зияны, оның жас ағзаға тигізетін зардабы және заңсыз сақтап, таратқаны үшін қарастырылатын қылмыстық жауапкершілік туралы кеңінен айтты. Қазіргі таңда есірткіні әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы тарату фактілері көбейгені де назардан тыс қалмады. Сондықтан мамандар ата-аналарды балалардың интернеттегі белсенділігіне мұқият болуға шақырды.

Кездесу барысында киберқылмыстың түрлері де жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе жалған сілтемелер, телефон арқылы алдау, банк карталарының деректерін иемдену секілді интернет алаяқтық тәсілдерінің көбейіп бара жатқаны айтылды. Полицейлер жеке мәліметтерді бөгде адамға бермеу, күмәнді хабарламаларға сенбеу және қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде нақты кеңестер ұсынды.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда бала тәрбиесінде отбасының рөлі бұрынғыдан да маңызды. Себебі жасөспірімнің кіммен араласатыны, интернетте қандай контент қарайтыны, бос уақытын қалай өткізетіні оның болашақ тағдырына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты ата-аналарға балалармен ашық сөйлесу, сенімді қарым-қатынас орнату және олардың қызығушылықтарына көңіл бөлу қажеттігі түсіндірілді.

Кездесу соңында ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция өкілдерінен нақты жауап алды. Мұндай профилактикалық шаралар қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, ата-ана, мектеп және құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайта түсетіні анық.

БӨЛІСУ