29 қарашада өтетін мәслихаттар сайлауына дайындық жұмыстары басталды.
Елімізде 29 қараша күні кезектен тыс мәслихаттар сайлауы өтеді. Маңызды саяси науқанды ұйымдастыру кезеңдері 48 күнге созылады. Қызылорда облысында облыстық, қалалық және аудандық деңгейде барлығы 152 депутат сайланбақ. Сайлау процесін әзірлеу мен өткізуге арналған арнайы күнтізбелік жоспар бекітілген.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде 9 аумақтық, 136 округтік және 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Бүгіннен бастап қала мен аудандардағы округтік сайлау комиссиялары өз қызметіне кірісті.
Бұл кезеңде кандидаттарды ұсыну құжаттары 14 қазаннан 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін қабылданады. Ал кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталады.
Сайлау аралас жүйе бойынша өтеді. Яғни депутаттық мандаттар партиялық тізімдер арқылы және өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасында бөлінеді.
Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, округтік сайлау комиссиялары кандидаттардан заңнама талаптарына сәйкес құжаттарды қабылдап, оларды ұсыну қорытындылары мен тіркеу жұмыстарын жүргізеді.
Айта кетейік, облыстағы 136 округтік сайлау комиссиясында барлығы 670 комиссия мүшесі қызмет атқарады.