БАЛАСЫНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТІН ОРЫНДАМАҒАН 20 ӘКЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

 Биылғы 9 айда Қызылорда облысында алимент өндіруге қатысты 15 321 атқарушылық іс болған. Оның 2 368-і толық аяқталып, 264 миллион 720 мың теңгеден астам берешек өндірілген.
151 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Бұл — жай ғана статистика емес. Бұл — баласының алдындағы міндетін орындамай жүрген мыңдаған адамның мәселесі.
Әке мен ананың жолы екіге айырылуы мүмкін. Бірақ баланың алдында тұрған жауапкершілік ешқайда жоғалмайды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы ренішке баланың қатысы жоқ. Ол ата-анасының ажырасқаны үшін аш қалмауы, киімсіз жүрмеуі, білімнен қағылмауы керек.
Ең өкініштісі — кейбіреулер алимент төлеуді міндет емес, айналып өтуге болатын кедергі санайды. Табысты жасырады, жұмыссызбын дейді, мүлкін басқа адамның атына рәсімдейді. Ал баланың күнделікті шығынын кім көтереді? Оны жалғыз тәрбиелеп отырған ана ма? Неге бір ата-ана баласына барын беруге тырысқанда, екіншісі өз міндетінен жалтарудың жолын іздеуі керек?
Әрине, барлық борышкерді бірдей қаралауға болмайды. Шынымен қиын жағдайға тап болғандар да бар. Бірақ әдейі жалтару мен амалсыздықтан төлей алмаудың арасы жер мен көктей.
264 миллион теңгенің өндірілгені — нәтиже. Бірақ басты мақсат тек қарызды өндіріп алу болмауы керек. Әр баланың өзіне тиесілі қаражатты уақытында алуына қол жеткізу қажет.
Баланың құқығы ата-анасының қарым-қатынасына тәуелді болмауы тиіс. Өйткені бала бұл өмірге әкесінен кек алу үшін де, анасының жалғыздығын өтеу үшін де келген жоқ.
Балаға өмір сыйлау — бір міндет. Ал сол өмірге жауап беру — одан да үлкен міндет!

БӨЛІСУ