«Ұстаз айтса»: Сыр педагогтері білім сапасын арттырудың жаңа бағыттарын талқылады.
Қызылордада «Ұстаз айтса» республикалық диалог алаңы аясында ардагер және үздік педагогтер бас қосып, білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуде ұстаздар білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді пайдалану бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
«Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырған «Ұлағатты ұстаз – ел тірегі» атты кездесудің негізгі мақсаты – педагогтердің пікірін тыңдап қана қоймай, олардың білім саласын жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстарын жинақтау.
Диалог алаңында сөз алған Сырдария ауданының білім саласының ардагері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Баян Сүюбаева ұстаздық қызметтегі көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, білім сапасын арттыруда қалыптасқан кәсіби дәстүрдің маңызына тоқталды. Сондай-ақ педагог еңбегін бағалау мен мұғалімнің қоғамдағы беделін арттыруға қатысты ойларын жеткізді.
Ал жас буын педагогтер атынан Қызылорда қаласындағы №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Ермек Жақсыбаев қазіргі ұстазға қойылатын жаңа талаптарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі педагог пәнін терең білумен қатар, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді пайдалана білуі қажет.
Қызылорда облысында соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын жаңартуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Соңғы төрт жылда салаға 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 миллиард теңгеге 46 білім беру нысаны жаңадан салынған. Сонымен қатар Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 мектеп пайдалануға берілді.
Алайда заманауи ғимараттар мен жаңа құрал-жабдықтардың тиімділігі ең алдымен оны кәсіби тұрғыда пайдалана алатын білікті маманға байланысты. Осы ретте педагогтердің біліктілігін арттыру және жаңа технологияларды меңгеруі білім сапасын арттырудың маңызды факторларының біріне айналып отыр.
«Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай да өз сөзінде осы мәселеге ерекше назар аударды. Оның айтуынша, заман өзгерген сайын ұстазға қойылатын талап та жаңарып келеді.
«Бүгінде педагог өз пәнін жетік білумен қатар, цифрлық құралдарды меңгеріп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек. Бұл бағытта Сыр ұстаздарының ізденісі жоғары», – деді Жандос Базартай.
Оның айтуынша, партия қолдауымен «Daryn.ai» платформасында ұйымдастырылған жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курсын Қызылорда облысынан 20 020 педагог аяқтаған. Олардың қатарынан 23 педагог Астана қаласында өткен педагогикалық хакатонға қатысып, өз тәжірибесін жаңа форматта сынауға мүмкіндік алды.
Сонымен бірге «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы аясындағы «USTAZGA AI» курсы және «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промпт-инжиниринг өнері» бағдарламасы да педагогтердің жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу бойынша білімін жетілдіруге бағытталды.
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллектінің білім беру саласына енуі мұғалімнің рөлін әлсіретпейді. Керісінше, технологияны сауатты қолдану педагогтің уақытын үнемдеп, сабақ мазмұнын жетілдіруге, оқушылардың жеке қабілеті мен қажеттілігіне қарай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргі мұғалім үшін технологияны меңгеру ғана емес, оны нақты білім нәтижесіне бағыттай білу маңызды.
«Ұстаз айтса» диалог алаңының ерекшелігі де – осы сабақтастықта. Ардагер педагогтердің жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен жас ұстаздардың жаңа көзқарасы бір алаңда тоғысып, білім беру жүйесіндегі дәстүр мен жаңашылдықтың өзара сабақтастығын көрсетті.
Ардагер ұстаз үшін шәкірт тәрбиесі мен кәсіби дәстүр басты құндылық болса, қазіргі педагог үшін осы құндылықтарды заманауи технологиялармен ұштастыру маңызды. Екі буынның тәжірибесі мен көзқарасын сабақтастыру білім саласындағы өзгерістердің адами мазмұнын сақтауға мүмкіндік береді.
«Білім мен ғылым – адами капиталдың ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегі. Осы орайда «Әділет» партиясы педагогтердің пікірін тыңдап қана қоймай, олардың кәсіби құқықтары мен еңбек жағдайын қорғауға, білім сапасын арттыруға бағытталған Президент бастамаларын іске асыруға атсалысатын болады», – деді Жандос Базартай.
Кездесу соңында білім беру саласына қосқан үлесі мен кәсіби қызметіндегі еңбегі үшін бірқатар педагог «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Ұстаздар күніне орай партия белсендісі, облыстық мәслихат депутаты Нұрболат Ибраевтың демеушілігімен ұстаздарға бағалы сыйлықтар мен тәттілер салынған себеттер табысталды.