85 МЫҢНАН АСТАМ ВАКЦИНА ДАЙЫН

Қызылордада тұмау мен ЖРВИ-ге қарсы 425 төсек дайындалды: 30 пайыздан асса, оқушылар қашықтан оқуы мүмкін.

Қызылорда облысында күзгі-қысқы маусымда тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуына байланысты сақтық шаралары күшейтілді. Өңірдегі емдеу-сауықтыру мекемелерінде науқастарды қабылдауға арналған 425 төсек орны дайындалды. Оның 200-і облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, тағы 225-і аудандық медициналық ұйымдарда қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, ауру өршіген жағдайда қажетті дәрі-дәрмек, вирусқа қарсы препараттар, дезинфекциялық құралдар мен бір реттік маскалардың қоры жеткілікті. Ал 1 қазаннан бастап қауіп тобындағы азаматтарға тұмауға қарсы вакцина салу басталды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 85 007 доза вакцина сатып алынған.
Білім беру ұйымдарында да бақылау күшейтілді. Оқушылар арасында күн сайын «таңертеңгі сүзгі» жүргізіледі. Егер сыныптағы балалардың 20-30 пайызы ЖРВИ-мен ауырса, байланыста болған оқушылар 7 күн медициналық бақылауда болады. Ал сырқаттанғандар үлесі 30 пайыздан асып кетсе, қашықтан оқытуға көшу қарастырылады.
Медициналық ұйымдарда қызметкерлер үшін маска тағу режимі енгізіліп, дезинфекциялық шаралар күшейтілді.
Дәрігерлер дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақтың ауруы секілді алғашқы белгілер байқалса, ауруды асқындырып алмай, өз бетінше ем қабылдамай, дер кезінде дәрігерге қаралуға шақырады.
Мамандардың ескертуі біреу: тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – вакцинация және санитариялық талаптарды сақтау.

БӨЛІСУ